Құтқарушы Де Хеаның құпиясы

05.02.2019, 03:49
Құтқарушы Де Хеаның құпиясы

Бүгінгі тақырып қазіргі әлем футболының үздік қақпашысы Давид де Хеа туралы болмақ. Давид 1990 жылы Мадридте Хосе де Хеа мен Мариви Кинтананың отбасында дүниеге келген. Анасы үй шаруашылығымен айналысса, әкесі Испанияның «Хетафе» кәсіби футбол клубының қақпашысы болған. Де Хеа жалғыз және көптен күткен сәби болғандықтан ата-анасы бар уақыты мен көңілін баласына арнаған.

Отбасы қаржылай таршылық көрмегендіктен Давидтің спорт саласындағы мансабы кішкене кезінен кәсіби дамыған. Бірақ, анасы Мариви спорт саласын өмірде жетістікке жету үшін жеткіліксіз санағандықтан де Хеа оқуды да қатар ұстаған. Мектеп футбол командасында ойнаған бала де Хеа бірде қорғаушы болса, бірде шабуылшы болған. Бойы ұзын болғандықтан мектептегі баскетбол командасында да ойнаған.

13 жасқа келгенде «Атлетико Мадрид» футбол командасына қосылады. Дайындық жаттығулары басталған сәттен Давид командадағы өз рөлін, яғни қақпашы екенін сезеді. Соңғы шешімді қабылдауда оны әрдайым қолдап жүретін әкесінің де рөлі ойнағаны жасырын емес.

Кәсіби футболдағы ең алғашқы келісім шарты 2008 жылы сол «Атлетико» командасымен жасалды. Давид клубтың үшінші қақпашысы болды. Алайда, 2009 жылы тағдыр спортшыға португалиялық «Порту» командасымен ойнауға мүмкіндік берді. Матчтың нәтижесі «Атлетико» пайдасына шықпаса да, голкипердің ойыны бапкердің көңілінен шықты.

2011 жылы «Манчестер Юнайтед» қақпасының тұрақты қақпашысы Эдвин ван дер Сар өз мансабын аяқтауға шешім қабылдады. «Қызыл сойқандар» басшылығы клубтың қақпасына тұруға лайықты деп Давид де Хеаны таныды.

Испанияның жастар құрамасы чемпионатта жеңіске жеткеннен кейін, сол кездегі рекордтық трансферлік баға 18,9 миллион фунтқа де Хеа «Манчестер Юнайтед» құрамына қосылды.

Футболисттің агенті - атақты Жорже Мендеш, ол Криштиану Роналду мен Диего Коста сияқты әлемдік футбол жұлдыздарының мүдделерін қорғайды.

Ырысты ҚАДІРБЕК

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×