Қызметінен босатылған Давид Лория мемлекет басшысына хат жазды

19.08.2021, 18:56
Давид Лорияның орнына футболға қатысы жоқ Тастанбек Есентаев отырды.
Қызметінен босатылған Давид Лория мемлекет басшысына хат жазды

Елордалық «Астана» клубының бұрынғы бас директоры Давид Лория өзінің Facebook парақшасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа хат жазды.

«Астана» ФК – футбол тарихымыздағы ең табысты жоба. Қысқа ғана мерзімде клуб алты чемпиондық атаққа ие болды, сонымен қатар бес рет қатарынан ең беделді әлемдік турнирлердің – УЕФА Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңіне өтті. Осы жетістіктердің арқасында бүкіл әлем біздің клубты, қаланы және Қазақстанды халықаралық аренада табысты нәтижелерге қол жеткізуге қабілетті ел ретінде біледі.

Мен 22 жыл бойы біздің футболға қызмет еттім, Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсету, оны капитандық белгімен алаңға шығару мәртебесіне ие болдым. 1999 жылы жастар арасындағы Әлем чемпионатына қатыстым. Футболшы мансабын аяқтағаннан кейін UEFA MIP бағдарламасы бойынша ең беделді менеджерлік курсқа түстім және өткен жылдың қазан айында «Астана» ФК-ға атқарушы директор лауазымына шақырылдым. Содан бері менің барлық ойларым бұл клубты сақтау және оны одан әрі дамытуда болды.

Өкінішке орай, өткен жылдары «Астана» ФК-да үлкен берешек пайда болды. Жарты жыл бойы шығындарды қайта құрылымдаумен және оңтайландырумен айналыстым. Осы қысқа мерзім ішінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Рахматоллақызының толық қолдауымен клубтың бюджетін біршама қысқартып, қарыздарды қайта құрылымдап, оларды өтеу кестесін құрып, төлемдерді кейінге қалдыру мақсатында бірқатар келіссөздер жүргізе алдық. Біз белгіленген жоспар бойынша жұмыс істедік, егер белгілі бір жағдайлар болмаса, келесі жылы клуб қарыздарынан толықтай құтылар еді. Оның үстіне жұмысиың сапасы мен нәтижелер төмендемейтін еді.

Жарты жыл ішінде біз көптеген маңызды жетістіктерге қол жеткіздік. Атап айтқанда, команданың негізгі құрамына клубтың жергілікті жас тәрбиеленушілері тартыла бастады. Бұрын-соңды жергілікті жастар мұндай мүмкіндікке ие болмаған және «Астана» үшін ішкі және халықаралық аренадағы матчтарға қатыспаған. Біз ұзақ уақыт бойы 14 командадан тұратын ел чемпионатында көш бастап келдік. Біздің команда жаңа еуропалық турнир Конференция лигасындағы дебютіне дайындалды. Жұмыс қайнап тұрды және оның нәтижелері айқын көрінді.. 

Бірақ осы жылдың маусым айында жағдай күрт нашарлады. Барлығы біздің жұмысымызға Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Ерлан Қожағапановтың араласуынан басталды. Ол әр түрлі жолдармен өзінің жақтастарын клубтың басқару жүйесіне кіргізуге тырысты. Күмәнді деңгейдегі маман және беделі нашар ресейлік Дмитрий Васильевті басшылыққа отырғызғысы келді.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Лұқпанұлы Тоғжановты жаңылыстырған және оның қолдауына ие болған Қожағапанов мырзаның барлық іс-әрекеттері клубты жоюға бағытталған. Біз бірінші жарты жылдықта жүргізген борыштық міндеттемелерді азайту және төлемдерді төмендету мен кейінге қалдыру жөніндегі келіссөздер жөніндегі барлық жұмыс вице-министрдің зиянды шешімдерімен жоққа шығарылды. Енді клубқа ірі айыппұл санкциялары, сондай-ақ негізгі футбол органдары ФИФА мен УЕФА-дан тәртіптік жазаларының қауіпі төнді.

Қожағапанов мырзаның футбол клубының барлық қаржылық операцияларын бұғаттауына байланысты мен соңғы айлар бойы қызметкерлерге, жаттықтырушыларға және ойыншыларға жалақы төлей алмадым. Осы жағдайлар спорттық көрсеткіштердің төмендеуіне әкеліп соқты.

Менің ойыншы мансабым бай әрі тамаша болды. Барлық нәрсеге мақсатым мен қажырлы жұмысымның арқасында қол жеткіздім. Енді мен футбол менеджері ретінде де табысты мансап жасап, елімізде осы спорт түрінің дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Мен көп нәрсеге қабілетті екендігімізге сенемін. Қазақстандық футбол жоғары нәтижелерге қол жеткізуге және өз жанкүйерлерін қуантуға қабілетті. Бірақ жолыңа кедергі болып, сенің дәлелдеріңді тыңдағысы келмейтін шенеуніктер тұрғанда жедел прогресс пен дамуымыз қиын болады. 

Құрметті Мемлекет басшысы, сізден «Астана» футбол клубының айналасындағы күрделі жағдаймен танысуыңызды сұраймын, өйткені оған әсер етудің басқа тәсілдерін көріп тұрған жоқпын. Сізден өзім үшін емес, іс үшін көмек сұраймын. 

«Астана» ФК аз уақыттың ішінде Қазақстан футболының флагманы, оны алға сүйрейтін локомотив бола алды. Осы клубтың жетістіктерінің арқасында біздің астанамызға «Манчестер Юнайтед», «Атлетико Мадрид», «Бенфика», «Галатасарай», киевтік «Динамо» сияқты азулы және танымал футбол клубтары келді. «Астананың» үлкен тарихы бар. 

Сөз жоқ, ол Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауынсыз, сіздің қолдауыңызсыз жазылмас еді, Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы. Нұр-Сұлтанда ондаған мың бала болашақта «Астана» құрамына кіруді армандайды. Осы клубтың жетістіктерінің арқасында елорда тұрғындары футболды бұрынғыдан да көбірек ұната бастады. Балалар жаман ортада немесе ойын консолінде емес, футбол алаңында уақыт өткізуді жөн көреді.

Бірақ қазір жеке адамдар жұмсалған барлық күшті жоққа шығаруға тырысуда, бұл бүкіл клубтың жұмысын тоқтатады. Егер вице-министр тарапынан бұл қысым тоқтамаса, онда «Астана» ФК тек жағдайын нашарлатып, беделді еуропалық турнирлердің тұрақты қатысушысы мәртебесін жоғалтуы мүмкін», – делінген Лория мырзаның Facebook-тегі хатында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×