Қызыл-Жарға тұсау болар біреу бар ма?

18.04.2023, 05:16
Ешбір команда қатарынан алты матчта жеңіске жеткен петропавлдықтардың осал тұсын таба алар емес.
Қызыл-Жарға тұсау болар біреу бар ма?

ҚПЛ-2023 алтыншы турындағы матчта петропавлдық «Қызыл-Жар» жеңіске жетті. Әли Әлиев шәкірттері сырт алаңда «Ақсуды» 2:0 есебімен жеңді. Хосе Витор Родригес пен Марат Шахметов бір голдан соқты. Бір қызығы, «Ақсу» Родригес гол соққанша 78-минутқа дейін қорғаныста мықты ойнады. Екінші гол 81-минутта соғылды. Енді «Қызыл-Жарда» мүмкін болатын 18 ұпайдың 18-і бар. Келесі турда 22 сәуірде петропавлдық команда өз алаңында «Каспийді» қабылдайды.

Сондай-аө алтыншы турда «Ордабасы» «Тобылды» жеңді. Шымкентте өткен кездесу 4:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. «Ордабасы» 21-минутта Асхат Тағыбергеннің күшімен есеп ашты. Дегенмен, бір минуттан кейін Серж Дебле қарымта голды соқты. Келесі гол матчтың екінші жартысында соғылды. 72-минутта Бобыр Абдулхоликов «Ордабасы» командасын алға шығарды. Арада төрт минут өткенде Сергей Малый шымкенттіктердің басымдығын арттырса, 86-шы минутта Всеволод Садовский төртінші голды соғып, қорытынды есепті орнатты.

Алматылық «Қайрат» ҚПЛ-2023 алтыншы турындағы ойында сырт алаңда «Астананы» ұтты. Елордада өткен кездесу 3:0 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Алматылықтар Жоао Пауло гол соққан соң үшінші минутта-ақ алға шықты. Бірінші таймда Марин Томасовтың таразы басын теңестіруге мүмкіндігі болды. Бірақ, хорватиялық бір-екі метрден бос қақпаға гол соға алмай, мүлт кетті. Ал 56-минутта «Қайрат» қарымта шабуылды тиімді пайдаланды – 2:0. 86-минутта «Астана» қақпасына үшінші голды «Зениттің» тәрбиеленушісі Дмитрий Сергеев соқты. Ресейлік жартылай қорғаушы үшін бұл Қазақстан чемпионатындағы дебюттік гол болды.

Осылайша тартысқа толы 6-тур ойындарынан кейін де петропавлдық «Қызыл-Жар» командасы 18 ұпаймен көшбасшылығын сақтап қалды. 13 ұпайдан жинаған «Ақтөбе» турнирлік кестеде екінші, «Ордабасы» үшінші орынға жайғасты. 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×