Қызық «қуаныш»

28.02.2011, 17:44
Қызық «қуаныш»

Абай атамыз «Жиырма алтыншы» қарасөзінде: «Біздің қазақтың қосқан аты алдына келсе, түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады»деуші еді, ал, қазір атымыз бәйгеден келмей-ақ, балуанымыз жықпай-ақ, итіміз озбай-ақ қуана беретін болдық. Биылғы жылдың басында осындай бір қуаныштың куәсі болдық. Оны барлық ақпарат құралдары жарыса жариялады. Оқиғаның ұзын-ырғасы былай: Швейцарияның Цюрих қаласында өткен маусымның ең үздік футболшысы, ең үздік жаттықтырушысы, ең үздік голы анықталыпты. Қапы қылғанда әлемнің ең үздік голы Қазақстан құрамасының қақпасына кіріпті. Жеңіс емес, жеңіліс яғни. Нақтырақ айтқанда, Еуро-2010 іріктеу ойындары барысында Түркия мен Қазақстан командалары «Астана-Арена» стадионында кездескен. Ойын 0:3 есебімен аяқталған. Ойынның 26-минутында түркиялық футболшы Алтынтоп әуелеп келген допты жерге түсірмей біздің қақпаға қарай шірей тепкен. Доп топ етіп барып, біздің қақпаға кірген де кеткен. Енді міне, «әлемдегі ең үздік голл біздің қақпадан табылды» деп, алақайлап жатырмыз. Қастық қылғанда, Алтынтопқа бересі сыйлықты біздің жеңілген қақпашы Андрей Сидельниковтың тапсырмасы бар ма. Футбол заңында солай көрінеді. Онымен қоймай Андрей жаман ағылшыншасымен Алтынтопқа «бұдан былай біздің қақпаға мынадай масқара доп соқпай-ақ қойшы» деп жалынышты сөзін айтқан дей ме…, Қысқасы, не бір қызықтар арқылы әлемге танылатын түріміз бар. Тағы да Абай жарықтық: «Жиырма үшінші» сөзінде: «Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдыңда неше ат бар деп сұрар, артыңда неше ат бар деп сұрағанның несі сөз? Мен бес аттан, он аттан ілгері едім дегеннің несі қуаныш» демей ме?! Абай атамыз дұрыс айтады: «масқара болғаны» үшін мақтану ұят емес пе?!

Namys. kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×