Биыл алғаш рет жаңа жүйе бойынша өткізіліп жатқан ел біріншілігінің екінші кезеңі тіптен тартысты өрбитін сыңайлы. Өйткені премьер-лиганы құраған он екі команда шеберлік деңгейлеріне сәйкес алты-алтыдан екі топқа бөлінді. Алдыңғы лектегі ұжымдар чемпиондық атақ пен жүлделі орындарға таласты қыздырса, төменгі бөліктегі алтау жоғары топтан түсіп қалмау үшін жанталасады. Сондықтан ендігі турлардың әрқайсысы да тартысқа толы болмақ. Екінші кезеңдегі алғашқы кездесулер сөзімізге дәлел.
Чемпиондық былай тұрсын, жүлделі орындардың біріне ілігудің өзін зор табыс санайтын талдықорғандықтар қазір жарыс кестесінің топ басында келеді. Жоғарыдағыдай пікірді команданың мамандары ұстанғанымен, жанкүйерлерінің дені алдағы бәсекелердің оңай болмасын түсіне отырып, «Жетісудың» алтын жүлдеге қол жеткізе аларынан үмітті. Несі бар, талдықорғандықтар дәл қазір «Ақтөбе», «Астана», «Шахтер» сынды күштілермен тең бәсекелесуде. Олар бұл сөзімізді 23- турда растай түсті.
Аталған турда «Жетісу» турнир кестесінің 5-сатысына жайғасқан Кереку өңірінің «Ертісін» қабылдаған еді. Кездесу басталғаннан ойын тізгінін қолға алған алаң иелері бірінші таймның соңғы минутында Арунас Климавичюстің арқасында гол соғып, есепте алға шықты. Үзілістен кейін де, талдықорғандықтар қарқынды бәсеңдетпей, жарақатынан айыққан Серікжан Мұжықов пен команданың жас таланты Саят Сариевті, сондай-ақ әрине сақа шабуылшы Ұлықбек Бақаевты алға қарай қамшылап отырды. Алаңға шықса гол соқпай қоймайтын өзбек легионері бұл ойында да жергілікті жанкүйер сенімін ақтады. Ол алдымен 78-минутта, артынша 85-минутта екі рет мергендік танытып, «Жетісудың» 3:0 есебімен жеңіске жетуіне септігін тигізіп қана қоймай, өзінің нәтижелі шабуылшылар бәсекесіндегі жағдайын да жақсарта түсті. Ұлықбек Бақаев биылғы чемпионаттағы 23 турдан соң 16 голды еншісіне жаздырды. Одан үш голы аз Сергей Хижниченко («Шахтер») екінші келеді.
Кездесу соңынан «Ертістің» бас бапкері Талғат Байсуфинов қақпаларына енген голдарға қақпашы Антон Цириннің көбірек кінәлі екенін атап өтті. «Ұлттық құрама сапындағы кездесуде жақсы қырынан көрінген Антон Цирин үшін осы ойындағы қателіктері сабақ болады деп сенемін» - деді бапкер.
Бұл турда «Ақтөбе» Шымкенттің «Ордабасы» клубымен кездесті. Еурокубок бәсекесінен шығып қалған еліміздің төрт дүркін чемпиондарының енді ішкі біріншіліктің «алтынын» басты меже еткендері анық. Ақтөбеліктер «Ордабасы» қақпасынан алдымен 32- минутта саңлау тапты. Команданың жас ойыншысы Сергей Лисенков сол қанаттан тебілген допты шымкенттіктер қақпасына дәл енгізді - 1:0. Бұл - оның осы маусымдағы 7-голы.
71-минутта Лисенков тағы бір голдың тіркелуіне себепкер болды. Ол қонақтар айып алаңында қараусыз қалған әріптесі Владимир Джиласқа доп жеткізіп, өз кезегінде серб шабуылшысы мүлт кетпеді - 2:0. «Ақтөбе» биылғы біріншіліктегі 13-ші жеңісіне қол жеткізді.
Екінші кезең «Астана» командасы үшін сәтсіз басталды. Елордалықтар Қарағандыдан келген «кеншілерге» үш ұпай ұстатып жіберуге мәжбүр болды. Алма-кезек шабуылдармен өрілген кездесудің 29-минутында қонақтар қапталдан доп лақтырып, Сергей Хижниченко баспен гол соқты - 0:1. Арада екі минут өткенде «Шахтер» ойыншысы Қайрат Отабаев қарсыласы Драган Богавацті шалып жығып, пенальтидің тіркелуіне себепкер болды. Он бір метрлік нүктеге өзі беттеген Богавац елордалықтар қақпашысы Ненад Эричті қапы қалдырды - 1:1. Бірінші кезең дәл осындай есеппен аяқталды.
Үзілістен кейін де ойын бастапқы сценарий бойынша жалғасты. Қос команда да шабуылға көбірек иек артты. Әсіресе, қонақтардың қарқыны күштірек көрінді. Олардың кезекті шабуылдарының бірінде Михаил Рожков қарсыласы Сергей Хижниченкоға қарсы тәртіп бұзып, алаңнан қуылды. Көп ұзамай қонақтар сан басымдығын ұтымды пайдаланып, Қайрат Отабаевтың көмегімен есепте алға шықты - 2:1. Әріптесіне дәл пасты Ұлан Қонысбаевтың бергенін айта кетейік.
Кездесу соңынан «Шахтердың» бас бапкері Виктор Кумыков ойынның аса тартысты өтіп, өздерінің аздаған басымдыққа ие болғандарын, соның арқасында бір гол артықшылығымен жеңіске жеткендеріне қуанышты екенін ортаға салды.
«Астананың» бас бапкері Хольгер Фах бәсекенің Рожков алаңнан қуылғанға дейін тең жағдайда өткенін айта келе, он ойыншы қалғанына қарамастан командасының лайықты өнер көрсеткеніне ризашылығын білдірді.
Төменгі топқа түсіп қалмаудың амалын іздеген алты команда арасындағы тартыс та өзіндік сипатқа ие. Мұндағы қарсыластардың барлығының ұпайлары шамалас. Сондықтан өткен маусымның үздігі «Тобылдан» бастап сылбырлық танытқан кез келген ұжымның премьер-лигамен қош айтысуы мүмкін.
Төменге түспеу үшін жанталасқан «Қайсар» 23-турда «Атырауды» 2:0 есебімен қонақта ұтып кетті. Осы кездесуге дейін қызылордалықтар турнир кестесінің ең соңғы сатысында тұрған еді. Бір ғана ойындағы үш ұпай «Қайсарды» бірден екі сатыға жоғарылатты. Ал қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан мұнайлы өлке жанкүйерлерінің сенімін ақтай алмаған «Атыраудың» жағдайы енді мәз емес. Бұл кездесудің 61-минутында қонақтар есеп ашқан болатын. Голдың авторы - Александр Стахив. Арада он бес минуттай өткенде «Қайсар» ойыншылары тағы бір нәтижелі шабуыл ұйымдастырып, бұл жолы Виталий Головешкин мергендік танытты. 86-минутта алаңдағы төреші «Қайсар» сапындағы Иван Перичті алаңнан қуды. Бірақ алаң иелері ойынның қалған аз бөлігінде сан басымдығын кәдеге жарата алмады.
«Қайсардың» бас бапкері Алгимантис Любинскастың айтуынша, қызылордалық футболшылардың арасында бәсекелестік пайда болды. Бұған дейін негізгі құрамға ілігетін 11 ойыншыны табудың өзі қиынға соғып келсе, қазір бір орынға бірнеше футболшы таласады. Бұл ойынның сапасына оң әсерін тигізіп отыр.
«Атыраудың» тізігінін ұстаған бапкер Зоран Филиппович осы ойында шәкірттерінің тым сүреңсіз өнер көрсеткендеріне, әсіресе, команданың беткеұстар серкелері жігер таныта алмағанына өкініш білдірді.
Өткен маусымда ғана ел чемпионы атанған «Тобыл» жанкүйерлерін тағы да жерге қаратты. «Востокқа» қарсы ойынға «Тобылдың» бас бапкері Сергей Петренконың қаншалықты мән бергенін кім білсін, бірақ ол үш бірдей жас футболшыны алғашқы минуттан бәсекеге қосты. Олар - Ермек Қуантаев, Алексей Малышев және Евгений Романов болатын. Бұлардан бөлек, жасы жиырма бірге толмаған Бауыржан Жолшиев те әдеттегідей ойынға басынан бастап араласты.
Кездесудің 12-минутында өскемендіктер пенальтиден есеп ашты. Дәл соққының авторы - Отар Хизанейшвилий. Ал ойынның 32-минутында алаң иелері сапындағы чех легионері Штефан Кучера ойын тәртібін өрескел бұзып, алаңнан қуылды. Бұл «Тобылдың» жағдайын тіптен күрделендіре түскен еді. «Востокқа» да керегі осы, қорғаныста сауаттылық танытып, кездесудің соңына дейін керек нәтижені ұстап қала алды.
«Тобыл» келесі турда «Таразды» қабылдайды.
Ал «Тараз» 23-турда жарыс кестесіндегі басты қарсыластарының бірі - «Қайратты» қабылдған болатын. Алаң иелері ойынның 21- минутында сербиялық легионер Милош Адамовичтің көмегімен есеп ашты. Дегенмен алматылықтар 34-минутта Артем Фоминнің нәтижелі соққысының арқасында таразы басын теңестірді. Бірінші тайм осындай есеппен аяқталып, үзілістен соң алаң қожайындары тағы бір гол соғып, ойын тағдырын өз пайдаларына шешті. Жеңіс добы Олег Недашковскийдің еншісіне жазылды.
Жаңа жүйе бойынша бірінші кезеңде олжалаған ұпайы екіге бөлінген «Жетісу» 28 ұпаймен көш бастап келеді. Екінші және үшінші тұрған «Шахтер» мен «Ақтөбенің» әрқайсысында 24-тен ұпай бар. Бұлардың ізін ала төртінші орынға жайғасқан «Астанада» әзірге 23 ұпай.
aikyn.kz