Алматының "Қайраты" тарихтағы ең үлкен сынақтарының біріне дайындалып жатыр. Ертең олар УЕФА Чемпиондар Лигасының негізгі кезеңінде "Реалға" қарсы алаңға шығады. Ойын алдындағы баспасөз мәслихатында бас бапкер Рафаэль Уразбахтин командасының көңіл-күйі мен дайындық барысы туралы пікір білдірді.
"Біздің команда – іріктеу кезеңінде өз алаңында бірде-бір гол жібермеген жалғыз ұжым. Бұл – біздің қорғаныстағы тәртібіміздің, ұйымшылдығымыздың көрсеткіші. Әрине, "Реал" – әрқашан гол соғатын команда. Бірақ біз қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Бастысы – біздің командалық іс-қимылдарымыз, бірлігіміз. Бізді мықты ететін де осы командалық рух." – деді Уразбахтин.
Баспасөз мәслихаты барысында бапкерге әдеттен тыс сұрақтар да қойылды.
Зидан немесе Егордың кімді таңдар едіңіз? деген сұраққа ол әзілдеп:
"Мен Зиданды таңдар едім.” – деп жауап берді.
Ал Егорды емес? деген сауалға:
"Ол кәрі ғой.” – деп күлді.
Бұл сәт залдағы журналистерді күлдіріп, команданың ойын алдындағы көңіл-күйінің жақсы екенін көрсетті.
Сөз соңында Рафаэль Уразбахтин психологиялық дайындыққа тоқталды:
"Құпия тактика немесе сиқырлы рецепт жоқ. Барлығы өз уақытымен болады. Біз бұрынғыдай бар күшімізді саламыз. Жігіттерге сенемін. Біз әр матчты соңына дейін ойнаймыз, соңғы минутқа дейін күресеміз." – деп түйіндеді ол.