"Реал"-"Атлетико": матч қарсаңында деректер не дейді?

01.02.2020, 22:03
"Реал"-"Атлетико": матч қарсаңында деректер не дейді?

Бүгін кешке Ла Лиганың 22-туры аясында "Реал Мадрид" өз алаңында екінші бір гранд "Атлетико Мадридті" қабылдайды. Мадрид классикосы қарсаңында екі ұжымның алдыңғы көрсеткіштеріне, статистикаға тоқтала кетуді жөн көрдік.
«Сантьяго Бернабеуде» өтетін мачтқа Хавьер Эстрада Фернандес қазылық етеді.

Өткен турда «Реал» түзде «Вальядолидті» ұтқан соң (0:1), араға тура 100 күн салып Испания чемпионатында көш басына шықты. Қазір "галактикос" еншісінде 46 ұпай. Екінші орындағы "Барселонадан" 3 ұпайы артық. Сондықтан бүгін алаң қожайындарына жеңіске жету маңызды. Сонымен қоса, Зидан шәкірттері Ла Лигада ең аз гол жіберген команда. Тибо қақпашы небәрі 13 доп жіберсе, шабуылшылары қарсылас қақпасын 39 рет тура көздеген. Айта кетерлігі, осы маусымда "Сантьяго Бернабеуде" әлі жеңіліп көрмеген.

Ал Симеоне командасының қазіргі жағдайы мәз емес. Өткен аптада Испания Кубогы жолында Сегундадағы (Испанияның екінші лигасы) "Леонесадан" ұтылып қалуы (2:1) сөзімізге дәлел. Біріншілікте 35 ұпаймен 5-сатыда келе жатыр. Сонымен қоса, биыл шабуыл шебі ақсап тұр. Осыған дейінгі 21 ойында 22 гол салған екен. Яғни, кешке "Реалға" есе жіберсе, жағдайы ушығып кетуі әбден мүмкін.

Жалпы «Реал» мен «Атлетико» өзара 196 ресми ойын өткізген. Оның 102-сі "Реалдың", 48-і "Атлетиконың" пайдасына, қалған 47 кездесу тең аяқталыпты. Доп айырмашылғы 342-де 252, "галактикостің" басымдығы көзге көрініп-ақ тұр. Екі клуб арасындағы ойындарда ең көп гол соққан ойыншы - Криштиану Роналду (22 гол).

Дегенмен "Реал" мен "Атлетико" арасындағы соңғы 6 матчтың 5-еуі тең аяқталған. (Оның 4-еуі 0:0 есебімен). Диего Симеоне футболшылары 2016 жылдан бері «Сантьяго Бернабеуде» басым түсе алмай келеді.

Шамкен БАЙЫРБЕК.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×