“Қайраттың” Чемпиондар лигасындағы қарсыластарының бірі “Реал Мадрид”. Испандық баспасөздер Корольдік клубтың Қазақстанға баратын сапары жайлы пікірлерін білдіруде.
OKDiario:
“Реалды“ тозақ күтіп тұр: 6 430 шақырым, Ұтар ештеңе жоқ, жоғалар дүние көп” атты мақалада Алматыға сапардың қиындықтары ерекше айтылды.
Жеребенің қорытындысын Вальдебебаста қуанышпен емес, керісінше ренішпен қабылдаған. Мадридтіктерді Алматыға ұзақ ұшу және белгісіз “Қайрат“ күтіп тұр. Команда ішінде тіпті “қарсылас өте қолайсыз, өйткені клуб Қытайдан 300 км қашықтықта” деген қалжың айтылған. Журналистер атап өткеніндей, 6430 шақырымдық жолды еңсеру үшін 7 сағаттан астам уақыт кетеді, ал Алматы Мадридтен Нью-Йорктан да алыс.
Жанкүйерлер үшін сапар одан да қиынырақ, кемі он сағат, бірнеше ауысымсыз жету мүмкін емес.
Команда ішінде ашық айтылыпты: “Бізді бұл сапар “үш алпауытпен“ ойнағаннан да қатты алаңдатады, өйткені ұтарымыз аз, жоғалтарымыз көп.” Қыста Алматыдағы суық –10°С-қа дейін түсетіні де ескерілген.”
Infobae:
“Қайрат“ Чемпиондар лигасындағы “Реалдың“ алыс қарсыласы. Еуропада алғаш рет, ал Испания астанасынан 8 000 км жерде орналасқан” мақаласында Қазақстандық клубтың бірегейлігі баса көрсетілді.
“Қайраттың” қатысуы маусымның басты тосынсыйларының бірі, әрі тарихи жетістік пен логистикалық қиындықтың үйлесімі.” деп жазды басылым.
Атап өтілген тағы бір жайт “Селтикті” жеңген сенсация. “Қайраттың” қосалқы қақпашысы Темірлан Анарбеков төрт соққының үшеуін қайтарып, командасына еурокубок жолдамасын сыйлады.”
Автор бапкердің сөзін: “Бұл жетістік – қала мен бүкіл Қазақстан үшін баға жетпес құндылық.” деп келтірді.
AS:
“Қайраттың“ мерекесі: қарсыласы “Реал Мадрид“ болатыны белгілі болған сәт” атты мақаласында Алматылықтардың эмоциялық реакциясы суреттелді.
“Реалдың” аты шыққанда “Қайраттың” ойыншыларының бөлмесі бірден тойға айналды.” – деп жазды басылым.
Журналистердің айтуынша, Мадридтіктердің сапары клуб тарихындағы ең маңызды матчтардың біріне айналмақ.
Сондай-ақ Алматы Чемпиондар лигасының тарихында Еуропадан ең алыс қала ретінде аталды.
TyC Sports:
“Неге ешкім “Қайратпен“ ойнағысы келмейді: Чемпиондар лигасының тосынсыйы” атты мақаласында Қазақстандық клубтың сенсациясы ерекше атап өтілді.
“Қарапайым “Қайрат“ мүмкін емес нәрсені істеді: “Селтикті“ пенальтилерде жеңіп, негізгі кезеңге шықты.” – делінген мақалада.
Авторлардың ойынша, “Реалдың”Қазақстанға сапары нағыз сынақ әрі “тозаққа” теңестірілді.
Географияға да тоқталып өтті: Алматыдағы Орталық стадион Қытайдан 350 км қашықтықта, Еуропадан 5 мың км-ден аса.
Климат та күрделі: жазда +31°С-қа дейін ыстық, желтоқсанда –7°С, ал уақыт айырмасы – 4 сағат.
“Қайрат” халықтық команда деп аталады: ол – КСРО чемпионатында ойнаған жалғыз қазақстандық клуб және тәуелсіз Қазақстанның алғашқы чемпионы (1992 ж.).
The Objective:
“Алматының “Қайраты” “Реалға“ қарсы ойнайтын Қазақстан футболының алыбы” атты мақалада клуб тарихы баяндалды.
1954 жылы “Локомотив Алма-Ата” атымен құрылған “Қайрат” 5 чемпиондық және 10 Кубок жеңіп алған.
Кеңес дәуірінде 24 маусым жоғарғы лигада ойнаған, бұл Орталық Азия үшін рекорд.
Басылым жас шабуылшыны да атады: “Челсиден” жалға алынған 17 жастағы Дастан Сатпаев команданың басты үмітіне айналды.”
Жолдың қиындығы да аталды: “Мадридтен Алматыға – 6430 км, 11 сағат ұшу.”
El Español:
“Реал“ Қазақстанға аттанады және “Қайраттың“ қақпанына түседі: мыңдаған шақырым жол, суық және уақыт айырмасы” атты мақалада сапардың ауыртпалығы егжей-тегжейлі сипатталды.
Басылым: “Команда Чемпиондар лигасы тарихындағы ең шығыстағы қарсыласымен ойнау үшін 8 000 км жолды еңсеруі керек. Алматы Қытайдан 300 км жерде” деп жазды.
Эмилио Бутрагеньо: “Бұл өте алыс, әрі бізде тығыз кесте бар, сондықтан жолды да, қайтуды да есептеу қажет.” – деді.
Газет “Атлетиконың” да Қазақстанға барғанын еске салады: олар “Астанамен” –7°С-та ойнаған еді, енді “Реалды” одан да ауыр сапар күтіп тұр.” дейді.