Мадридтік "Реалдың" Алматыдағы сапары кезінде олардың ас мәзірі мен тұрмысына қатысты жаңа деректер белгілі болды.
Команданы қабылдаған қонақүйдің шеф-кондитері Екатерина Менжею мен тамақтану бөлімінің директоры Максат Құттыбулатов футбол жұлдыздарының талғамы мен тәртібі жайлы айтып берді.
Шеф-кондитер Екатерина Менжеюдің айтуынша, "Реал” келген күндері асхана жұмысы әдеттегі режимде өткенмен жауапкершілік тұрғысынан айтарлықтай артқан. Футболшылар таңғы, түскі және кешкі асын қонақүйдің 10-қабатындағы арнайы мейрамханада ішкен.
"Команда мүшелері өте тәртіпті болды, еш артық нәрсе сұрамады. Бізге олармен сөйлесуге немесе суретке түсуге рұқсат болмады, бірақ бәріміз өз жұмысымызды абыроймен атқардық.” – деді ол.
Футболшылардың мәзірі толығымен дұрыс тамақтануға негізделген. Барлық өнімдер – ең сапалы және жаңа піскен тағамдар.
"Оларда ерекше десерт рецепті бар екен – йогурттан жасалған торт. Бұл – "Реалдың” жеке шефі ойлап тапқан, пайдалы әрі жеңіл тәтті. Рецептін бізге қалдырды, өте қарапайым, бірақ дәмі керемет." – дейді Менжею.
Тамақ және сусын бөлімінің директоры Мақсат Құттыбулатов мәлімдегендей, футболшылар ештеңе өз бетінше тапсырыс бермеген, барлық өтініштер тек клубтың шеф-аспазы арқылы келген.
"Олардың арнайы райдері бар. Біз соған сай қызмет көрсеттік. Ешқандай экзотикалық талап болған жоқ. Қазақтың ұлттық тағамдарын – қымыз бен шұбатты ұсындық, бірақ олар ішуге батпады. Әрине, маңызды ойын алдында тәуекел еткісі келмеген болар. Ал ішкен сулары өзіміздің Қазақстандық су. Өздерімен бірге ештеңе әкелмеген. Барлық тағам біздің аспаздарымыздың қолынан шықты, тек олардың шефі әрбір тізімді бақылап отырды." – деді ол.
Қонақүй асханасында кәсіби аспаздармен қатар студенттер де тәжірибеден өткен. Солардың бірі – Алматы мемлекеттік бизнес-колледжінің 2-курс студенті Дамир Закирьянов. Ол дәл "Реал” келген күндері – 28-30 қыркүйек аралығында жұмыс істеген.
"Футболшыларды теледидардан көру – бір бөлек, ал тірідей көру – мүлде басқа әсер. Мен қақпашы Тибо Куртуаға қызанақ салып бердім. Сол сәтті ешқашан ұмытпаймын. Әрине, біз сөйлесуге рұқсат алмадық, бірақ осындай тәжірибе – үлкен мотивация.” – дейді Дамир.