2025 жылғы "Алтын доп" марапаттау рәсімі бүгін Париждегі атақты Théâtre du Châtelet сахнасында өтеді. Әлемнің үздік футболшылары мен бапкерлері анықталып, жүлделерін алатын бұл кешке футбол жанкүйерлері жылда үлкен қызығушылықпен танытады.
Дегенмен, Испандық клуб "Реал Мадрид" тағы да бұл салтанатты кешке қатыспайтынын ресми түрде мәлімдеді. The Athletic басылымының хабарлауынша, клубтың ешбір өкілі Парижге бармайды.
Бұл шешім өткен жылғы даулы жағдайдан кейін қабылданды. Сол кезде Мадридтік жанкүйерлер мен клуб басшылығы Винисиус Жуниордың "Алтын допты” ала алмағанына қатты наразы болды. Жүлде Манчестер Ситидің жұлдызы Родриге табысталған болатын. Осыдан кейін "Реал” басшылығы марапаттау рәсіміне бойкот жариялаған еді.
Биыл Emilio Butragueño секілді клуб өкілдерінің қатысуы мүмкін деген сыбыстар шыққанымен, клуб президенті Флорентино Перес соңғы шешімді өзі қабылдап, "Реалдың” бұл іс-шарадан толықтай шет қалатынын нақты айтты.
Перестің бұл қатаң ұстанымы клуб ішінде де түрлі пікір туғызуда. Кейбір қызметкерлер бұл қадам тым қатал деп есептейді. Дегенмен, әзірге клубтың ресми ұстанымы өзгерген жоқ.
Перестің күдігі бойынша, өткен жылғы шешімге УЕФА тарапынан саяси ықпал болған. Себебі, "Реал Мадрид” Еуропалық Суперлига жобасын қолдап келеді. Сол себепті клуб басшысы бұл марапаттың әділдігіне күмән келтіріп отыр.
Бұл бойкотқа қарамастан, биыл Винисиус, Джуд Беллингем және Килиан Мбаппе "Алтын допқа", Тибо Куртуа "Яшин" жүлдесіне, ал жас қорғаушы Дин Хёйсен "Копа” трофейіне үміткер болып отыр. Алайда Мадридтіктердің ешқайсысы Париж сахнасында клуб атынан сөз сөйлемейді.