Родриго “Хетафеге” қарсы кездесуден кейін ауыр жарақат алды.
Примераның 0:1 есебімен аяқталған 26-турында бразилиялық 55 минутта ойынға қосылып, өнер көрсетті. Футболшы төрешінің соңғы ысқырығы шалынғанша, денсаулығына байланысты ешқандай шағым жасамады. Алайда Marcа басылымы, Родригоның крест байламы жарақатын алғандығы жайында нақты ақпарат берді.
Жалпы аталған сипаттағы жарақат алған ойыншылар кем дегенде, 6 айға дейін қатардан шығады. Родригода соның кесірінен төрт жылда бір келер мундиальға қатыспай қалу қаупі жоғары.
Родриго “Реал” сапында 2019 жылдан бері доп теуіп келеді. Ол барлық турнирлерді қосқанда, испандық гранд сапында 297 ойын өткізіп, 71 гол соқты. Клубтағы жеті жыл уақытында бразилиялық Чемпиондар Лигасының екі дүркін чемпионы атанды.