“Реал Мадрид" шабуылшысы Килиан Мбаппе клуб президенті Флорентино Переске командаласы Винисиус Жуниордың мінез-құлқы жайында көңіл толмастығын білдірді.
Don Balon дерегінше, Мбаппе олардың алаңдағы өзара байланысы мүлде мінсіз емес екенін атап өткен. Оның айтуынша, Винисиустың қызғанышы мен бәсекелестікке бейімділігі ойынға кері әсер етіп, шабуылдағы тепе-теңдікті бұзады. Киім ауыстыру бөлмесінде қарым-қатынастары жақсы болғанымен, алаңда жиі шиеленіс туындайды екен.
Винисиусқа қатысты сын тек Мбаппеден емес. “Реалдың” бұрынғы ойыншылары Предраг Миятович, Альваро Бенито және Рафа Алькорта да оның ойын тәртібін көпшілік алдында сынға алған. Әсіресе, қорғауға көмектесуден бас тартуы, шамадан тыс өзімшілдігі және жеке-дара әрекет етуге ұмтылысы команданың тұтас ойынын бұзады деп сыналуда.
Соңғы кездері Винисиусқа бағытталған сын көбейіп, ол “Реалдың” басты жұлдызы мәртебесінен айырылып барады. Бұған қоса, Бразилиялық футболшы төмендетілген шарттармен келісімшартты ұзартудан бас тартып отыр. Қазіргі таңда оның нарықтағы құны 170 миллион еуроға бағалануда.