«Реалдың» бас бапкері Жозе Мауринью өздерінің «Барселонадан» еш кем емес екендігін айтты

14.12.2011, 18:57
«Реалдың» бас бапкері Жозе Мауринью өздерінің «Барселонадан» еш кем емес екендігін айтты

Сенбі  күні «Реал» «Барселонадан» ұтылып 15 матчтық жеңіліссіз сериясын үзді. Енді каталондықтар ұпай бойынша «Реалмен» теңессе де өзара кездесу жөнінен алда тұр. Бірақ та мадридтіктерді әлі «Севильямен» ойналмаған бір ойын күтіп тұр. Ол ойында жеңіске жеткен жағдайда «Реал» қайта көш бастайды.

 

«Реалдың» Эль  Класикодағы жеңілісі қоғамды қайта дүрліктіріп, «мадридтіктер чемпионатта «Барселона» үстемдігіне қарсы шыға алмайды» деген секілді әңгімелердің туындауына мұрындық болды. Бірақ Мауринью жағадайын Гвардиоланыкынен де ыңғайлы екенін айтып жұртшылықты тыныштандырады.

 

«Бүгінгі ахуалымыз мені қанағаттандырады. Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде біз тарихтағы ең үздік көрсеткішке қол жеткіздік. Чемпионатта асып тұрған қарсылас көріп тұрған жоқпын. Оның үстіне әлі ойналмаған матчымыз бар.  Чемпионат соңында мынадай жағдайлар орын алуы мүмкін: Біз «Барселонамен» бірдей ұпай жинаймыз, немесе бір ұпайымыз артық болады я үш ұпайға асамыз.

 

Каталондықтардың ұпайы біздікімен бірдей, сондықтан біз өзімізді әлсіз немесе кем санамаймыз. Жеңіп 6 ұпайға астың не, ұтылып теңестің не – бәрібір. Біздің тыныштығымыз бен өз-өзімізге деген сенімділігімізге ештеңе әсер ете алмайды», - Моуриньюның сөзін келтірген Goal.com.

 

Сонымен қоса, португалдық тренер Криштиану Роналду турасында бір-екі ауыз сөз қозғап, оған Класико кезінде ысқырған жанкүйерлерге көңіл аудармауы керектігі жөнінде ақыл айтты. «Мен сияқты болса, ысқырықтарға назар аудармауы керек. Ойын кезінде ондай ұсақ нәрселерге көңіл бөліп уақытты текке кетірудің қажеті жоқ. Жеңіліс оған үлкен соққы болып тиді, білем. Бірақ ол үшін күйзеліп істен шығып қалмауы керек, жеңілістен трагедия жасаудың қажеті жоқ», - деді португалиялық маман.

 

Корольдік  кубок аясында «Понферрадиноймен» сейсенбіге көзделген матчта, Мауринью Икер Касильяс, Пепе, Анхель ди Мария, Лассана Диарра, Фабиу Коэнтрау мен Хаби Алонсоларға дем алыс бергенін айтты. Рикарду Карвалью мен Альваро Арбелоа әлі жазылып «Реал» сапына қосылған жоқ. Олардың орнына құрамда Рафаэль Варан, Нури Шахин мен Хамит Алтынтоп шығады.

 

«Осылар ойнау керек. Жақын арада Варан негізгі құрам ойыншысына айналып команданы он жылдай сүйрейді деген сенімдемін. Рафаэль өте жас болғанына қарамастан ақыл санасы мен ойыны өте жетілген. Жарақат әсерінен көп ойнамай қалған Шахин мен Алтынтопқа да бұл матч қайта қосылу үшін қажет»

 

Дайындаған: Олжас НҰРАЗХАН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×