Түркістандық “Тұран” клубы ресми түрде жаңа бас бапкерін таныстырды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Бұл қызметке Қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс, отандық футбол тарихында өзіндік қолтаңбасы бар маман 62 жасар Ресейлік Виктор Кумыков тағайындалды.
Кумыковтың соңғы жұмыс орны Қызылордалық “Қайсар” клубы болды. 2025 жылғы маусымда ол “Қасқырлармен” бірге бірегей тәжірибе жасап, құрамда бірде-бір легионерсіз ҚПЛ-да 11-орынды иеленген еді. 2025 жылдың қарашасында Қызылордамен қош айтысқан маманның есімі бірнеше клубпен, соның ішінде Ақтаулық “Каспиймен” байланыстырылды. Алайда, тәжірибелі бапкер таңдауын Түркістанның жобасына тоқтатып отыр.
Виктор Кумыков — Қазақстан футболында Еурокубоктық “терезе” ашқан алғашқы бапкер. Оның мансабындағы ең жарқын кезеңдері қарағандылық “Шахтермен” тығыз байланысты.
Ол “Кеншілерді” екі рет ел чемпионы (2011, 2012) жасап, Қазақстан Кубогы мен Суперкубогын сыйлады.
Қазақстан клубтары арасында тұңғыш рет Еурокубоктың топтық кезеңіне (Еуропа лигасы, 2013) жолдама алып, тарих жазды. Шотландиялық “Селтикті” жеңген (2:0) аңызға айналған матч та осы Кумыковтың дәуіріне тиесілі.
Ол Қазақстанда үш жыл қатарынан (2011–2013) “Жылдың үздік бапкері” болып танылған.
Бапкердің жолы әрдайым тегіс болған жоқ. 2004 жылы “Қайсарды” жаттықтырып жүргенде, төрешімен келіспей команданы алаңнан алып кетіп, лицензиясынан уақытша айырылған кездері де болды. Одан кейін Өзбекстанның “Машъал” және “Насаф” клубтарында сәтті жұмыс істеп, халықаралық беделін нығайтты. Сондай-ақ “Ордабасы”, “Атырау” және “Ақжайық” клубтарында да қызмет атқарды.
Виктор Кумыков өзінің прагматикалық футболымен, стандартты жағдайларды тиімді пайдалана білуімен және командада темірдей тәртіп орнататынымен белгілі.