Ресей ұлттық құрамасын кім жаттықтырар екен?

06.05.2012, 05:47
Ресей ұлттық құрамасын кім жаттықтырар екен?
     Төрткүл дүние көз тігіп отырған Еуропа чемпионатына да бір айдың жүзі ғана қалды. Бұл додаға көршіміз Ресей ұлттық құрамасының да қатысатынын білеміз. «Euro 2008»-де бұл ұжым жоғары нәтиже көрсеткен болатын. Жақында ғана Ресей ұлттық құрамасының бапкері Дик Адвокат келер аптаның соңына қарай аламанға баратын ойыншылардың тізімін жариялайтынын хабарлады. Алайда бұл маман осы Еуропа чемпионаты аяқталғаннан кейін, бапкерлік қызметінен кететіндігін мәлімдеді. Одан кейін Ресей құрамасын кім жаттықтырар екен? Соңғы көрсеткіштер бойынша Еуропада үздік бапкерлердің қатарына жататын Дик Адвокат он төртінші орында келеді екен. Голландтық маманның Ресей құрамасымен жасасқан келісім-шарты 15 шілдеде аяқталады. Ол енді өз еліне барып «ПСВ» клубын жаттықтыратынын айтты. Д.Адвокат өзінің не себепті кететінін ашып айтпады. Алайда оның ұлттық құрамадан кетуін қаржы мәселесіне келіп тірелмейтінін ашып айтты. Бұл маман Ресей құрамасының тізгінін 2010 жылдың мамыр айында қолына алған болатын. Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде ресейлік команда өз тобында көш бастады. Барлығы он ойынның қорытындысы бойынша Адвокат шәкірттері жетеуінде жеңіске жетіп, екеуінде тең нәтиже көрсетіп, біреуінде ғана жеңіліс тапқан екен. Тамаша көрсеткіш. Енді Еуропа чемпионатына келейік. Ресей құрамасы «А» тобында өнер көрсететін болады. Бұл топта Польша, Грекия мен Чехия ұлттық құрамалары бар. Төрт команда бапкерлерінің де айтуы бойынша бұл топ «өлім тобы» емес дейді. Бір-бірімен тең дәрежеде деп санайды. Кейбір мамандар Ресей мен Грекия ұлттық құрамаларының мысы басымдау деген тұжырым да айтып жүр. Енді Адвокат пен оның шәкірттерінің шеберліктерін Еурода көретін боламыз. Сонымен Еуропа чемпионатынан кейін Ресей құрамасын кім жаттықтырар екен? Әзірге бұл қатарда бірнеше мамандардың аты тұр. Ең бастыларының бірі-қазіргі «Зенит» командасының бапкері италяндық маман Лучано Спалетти. Спалетти бапкер «Зенит» командасын жаттықтырып ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. «Зенит» екі жыл қатарынан ел чемпионы болды, Ресей кубогы мен суперкубогын, чемпиондар лигасының 1/8 финалына дейін жетті. Ақпан айында «Зенит» пен Л.Спалетти арасындағы келісім-шарт 2015 жылға дейін қайта жалғасты. Естеріңізде болса 2009 жылы дәл осы маман Д.Адвокат орнына келген болатын. Енді тағы да осы жол қайталанар ма екен?... Ресей құрамасына кандидаттардың біреуі-Юрий Красножан. Бұл маман Ресейдің екінші ұлттық құрамасының бапкері. Ю.Красножан 2011 жылы махачкалалық «Анжи» клубының бапкері болып тағайындалған еді. Алайда осы жылдың ақпан айында өз жұмысынан шыққан болатын. Оған себеп Самуэль Это’о екеуінің арасындағы келіспеушілік секілді. Бұл бапкердің білікті маман екенін ескеріп Ресей құрамасының тізгінін ұстатар ма екен?     Ресей ұлттық құрамасын жаттықтыруға тағы да кандидаттардың бірі-Николай Писарев. Бұл жаттықтырушы Ресей жастар құрамасының бапкері. Оған дейін жағажай футболынан Ресей құрамасын жаттықтырған болатын. 2009 жылы Еуролигада жеңімпаз болды. Бұл да бапкердің арқасы болса керек. Ендеше Н.Писаревта Ресей ұлттық құрамасының бапкері болуы ғажап емес. Расында да кім болар екен?

Өмірбек  САНСЫЗБАЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×