Ресейлік бизнесмен Анчелоттиді адам құрлы көрмеген. “Абрамович менімен сөйлеспей-ақ жұмыстан босатты”

27.09.2025, 22:00

Бразилия құрамасының бас бапкері Карло Анчелотти өзінің жаңа “Арман – Чемпиондар лигасындағы жеңіс” атты автобиографиясында 2011 жылы “Челсиден” қалай кеткенін егжей-тегжейлі баяндады. Ол кезде клубтың иесі Ресейлік олигарх Роман Абрамович еді.

Ресейлік бизнесмен Анчелоттиді адам құрлы көрмеген. “Абрамович менімен сөйлеспей-ақ жұмыстан босатты”

Анчелоттидің айтуынша, Абрамовичтің басты талабы – “Челси” Чемпиондар лигасын жеңіп, өзіндік ойын стилін қалыптастыру болатын. “Интерден” жеңіліп қалғаннан кейін клуб базасына келген Абрамович бапкерден есеп сұраған. “Мен ешқашан мұндай қысымды сезінген емеспін, Берлусконидің өзі бұлай араласқан жоқ.” – дейді Анчелотти.

Оның айтуынша, Моуриньоның “Интердегі” жетістігі олардың қарым-қатынасына кері әсер еткен. “Мен Моуриньоның толық қарама-қарсысы болуым керек еді — сабырлы, тұрақтылық әкелетін бапкер. Бірақ бәрі жоспардағыдай болмады. Бұл Абрамовичтің намысына тиді.” – дейді ол.

Анчелоттидің ойынша, оның тағдырын Чемпиондар лигасындағы нәтиже шешті. “Манчестер Юнайтедтен” ширек финалда ұтылған соң, Абрамович ойыншыларға егер жеңіс болмаса , өзгерістер болатынын ашық айтқан. Сол ойында Анчелотти клуб иесінің сүйікті ойыншысы Фернандо Торресті ауыстырып, жағдайды ушықтырған. 

“Бұл Абрамовичтің жеке шешімін тікелей сынау болды. Ал соңында бапкер иесін жеңе алмайтынын ұмытпау керек еді.” – дейді ол.

Маусым соңында “Эвертоннан” жеңілгеннен кейін басшылық шешім қабылдап, бас бапкер қызметінен босатты. Бұл туралы Анчелоттиге клубтың бас директоры Рон Гурлей хабарлаған. Абрамович бапкермен жеке сөйлеспеген.

Соған қарамастан, команда ойыншылары Анчелоттиге құрмет көрсетіп, қоштасу кешін ұйымдастырған. Эшли Коул, Джон Терри, Фрэнк Лэмпард және Дидье Дрогба қатысқан бұл кешті ол “өмірімдегі ұмытылмас сәт” деп атады.

Анчелотти: 

“Мүмкін, Абрамовичтің шешімі дұрыс болған шығар. Келесі маусымда “Челси” алғаш рет Чемпиондар лигасын ұтып алды. Бірақ мен “Челсидегі” әр күнімді жақсы естелікпен еске аламын.” – дейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×