Ресейлік Euro-football.ru сайты «Астананың» қақпашысы Мұхамеджан Сейсеннің кипрлік «Пафосқа» қарсы кездесудегі шеберлігіне жоғары бағасын берді.
Айта кетейік, кеше елордалық клуб Конференциялар Лигасының негізгі кезеңі аясында сырт алаңда 0:1-мен жеңілген болатын.
«Қауіпті сәттерден Влад Драгомирдің баспен жасаған соққысын ерекше айтуға болады. Бұрыштамадан көтерілген допты қақпаға бағыттаған, алайда «Астананың» қақпашысы өте қиын допты тура қақпаның сызығынан алып шықты. Осыдан кейін Драгомир айып алаңындағы таласта допқа иелік етіп бірден соққы жасаған, оның жолына тағы да қақпашы тосқауыл болып, кері серпілген допты Жайро тағы да қақпаға тепкенде де қайтара білді. Десе де, алаң иелері қарсыласының осал тұсын тауып кеткен еді. 87-минутта сол қапталдан Жажа Коэльо орталыққа ойысқан, бірақ алыстан соққы жасамады, әріптесіне пас беруді ұйғарды. Ал Андерсон Силва ұрымтал тұстан мүлт кеткен жоқ. Есеп 1:0. «Астанада» үш ұпай, ал оның қарсыласының қоржынында 6 ұпай бар», - делінген ресейлік сайттың материалында.
Енді келесі турда елордалық команда португалиялық «Гимарайншты» қабылдамақ. Бұл кездесу 28-қарашаға жоспарланған.
Біздің серіктес: FONBET