Осы айдың аяғына дейін отандық 3 клуб жекеменшікке өтеді.
Бұл туралы ҚФФ телеграмм-арнасы жариялаған болатын.
«Қарашаның соңына дейін «Қызыл-Жар СК», «Жеңіс» және «Шахтер» футбол клубтары жекешелендіріледі. Қазақстан футбол федерациясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың отандық футбол клубтарын жекешелендіру және коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасын орындауды жалғастыруда. 4 қарашада Астанада ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен спорт инфрақұрылымын дамыту және бұқаралық спортты қолдау мәселелері туралы Үкімет отырысы өтті. Жиында баяндама жасаған Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория 2025 жылдың қарашасына дейін жеке меншікке тағы үш клуб өтетінін атап өтті. Олар «Шахтер», «Жеңіс» және «Қызыл-Жар СК» футбол клубтары. Бұл жұмыстарға тартылған инвестицияның жалпы көлемі 45 млрдтан астам теңгені құрайды. Бұдан бөлек, «Елімай» футбол клубы коммерциялық емес акционерлік қоғам түріне ауыстырылды. Бұл шешім «Реал Мадрид», «Барселона» және «Байер 04» сияқты еуропалық клубтардың үлгісімен жүзеге асырылды. Жаңа үлгі аясында 100 миллион акция шығарылып, клубтың басқару ашықтығы мен қаржылық тұрақтылығы артады», - делінген ресми мәлімдемеде.
Айта кетейік, бұдан бөлек тағы «Қайсар» мен тағы бірене клубтың жекеменшік басқаруға өтетіні айтылған.