Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе «Париж Сен-Жерменмен» келісім-шартын ұзартты. Бұл туралы париждік клубтың баспасөз қызметі хабарлады. 23 жастағы шабуылшының жаңа келісім-шарты 2025 жылдың маусымына дейін есептелген екен.
«Мен «Пари Сен-Жерменмен» келісім-шартымды ұзарту туралы шешім қабылдағанымды хабарлаймын және, әрине, бұған өте қуаныштымын. Мен жоғары деңгейде өнер көрсетуге барлық мүмкіндікті беретін клубта өсе алатыныма сенімдімін. Сондай-ақ өзім туып-өскен және талай жетістікке жеткен Францияда әрі қарай да ойнай беретініме өте қуаныштымын.
Президент Насер Аль-Хелайфиге сенімі, түсіністігі және шыдамдылығы үшін алғыс айтқым келеді. Одан бөлек, Франциядағы және дүние жүзіндегі «Париж-Сен-Жерменнің» барлық жанкүйерлеріне соңғы айларда көрсеткен ілтипаты үшін алғыс айтқым келеді. Біз барлық қиындықтарды бірге жеңеміз», - деді Мбаппе клубтың ресми сайтына берген сұхбатында.
Еске салайық, Мбаппе ПСЖ-ға 2017 жылы «Монакодан» ауысып келген еді. 23 жастағы шабуылшы осы маусымда Лига 1-де 34 ойынға қатысып, 25 гол мен 17 нәтижелі пастың авторы атанды.
Біздің серіктес: FONBET