РЕСМИ: ВАРДАН МИНАСЯН - «ТАРАЗ» КЛУБЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ

03.02.2021, 17:23
Сонымен қатар, клубтың бапкерлік құрамы да толығымен жасақталды.
РЕСМИ: ВАРДАН МИНАСЯН - «ТАРАЗ» КЛУБЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ

Бүгін келісім шарттың кейбір тұстары тағы талқыланып бекітілді. Сонымен армениялық маман Вардан Минасян "Тараз" футбол клубының ресми түрде бас бапкері болды. Ол УЕФА-ның PRO санатына ие, Армения ұлттық құрамасы мен сол елдің клубтарында еңбек еткен тәжірибесі бар. Қазақстандық командалар да оған бейтаныс емес. Вардан Минасян қостанайлық "Тобылды" да жаттықтырған болатын.

Ұлттық құраманың бас бапкері ретінде Вардан халықаралық аренада жақсы нәтижелер көрсете білді. Ел құрамасы Евро-2012 чемпионатының іріктеу кезеңінде Словакияны 3:1, 4:0, Македонияны 4:1 есебімен ұтып, Ресеймен 0:0 тең ойнап, үшінші сатыға орналасты. 

Сондай-ақ, 2014 жылғы әлем чемпионатына іріктеуде топтық кезеңде Данияны 4:0, Чехияны 2:1, Болгарияны 2:1 есебімен ұтып, сырт алаңда Италиямен 2:2 тең ойнап, топта 5-ші орынға орналасты. Осылайша ұлттық құрамаға Минасян келгелі Армения ФИФА рейтингісінде 103-тен 34-ші сатыға бір-ақ шықты.

Минасян клубтық деңгейде де ауыз толтырып айтарлық нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, "Пюникпен" 4 мәрте, "Арарат-Армениямен" 2019-2020 жылдары 2 рет Армения чемпионы болды. Сонымен қатар, Армения кубогын 2 рет, Суперкубокты 3 рет жеңген. 5 мәрте Арменияның үздік бапкері атанды.

Минасян "Тараз" ойыншыларына да таныстырылды.

Ол ойыншылармен кездесу кезінде тіл табысып, жақсы жұмыс жасаймыз деп ойлайтынын айтты. - Әрбір ойыншымен жеке-жеке кездесу өткізгім келеді, - деді.

Атап өту керек, Минасянға өзімен 10 жыл бірге жұмыс жасап келе жатқан отандасы Артур Мкртчян көмектесетін болады.

Сонымен қатар, клубтың бапкерлік құрамы да толығымен жасақталды. Олардың қатарында жерлестеріміз Сергей Тагиев, Александр Кучма, Арслан Сатубалдин, Самат Наурызбаев бар. Олар да ойыншыларға таныстырылды.

"Тараз" кәсіпқой футбол клубының баспасөз қызметі

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×