Павлодардың “Ертіс” клубының бас бапкері Ринат Алюетов командасының Премьер лигаға қайта оралу сәтін өз мансабындағы ең әсерлі кезеңдердің бірі деп атады. Бұған дейін ол елордалық “Жеңіс” командасын да жоғары дивизионға шығарған болатын.
ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Алюетов екі клубтағы тәжірибесі туралы жылы лебізін білдірді:
“Мен екі тарихи клубта жұмыс істедім, екеуі де Премьер-лигаға жолдама алды. “Жеңіске” де, “Ертіске” де маусым ортасында келдім, айырмашылық тек соңғы нәтижеде ғана. Бірақ бұл екі командадағы тәжірибе мен үшін өте құнды. Мұндай клубтардың қайта жанданып, жаңа тарих жазып жатқан сәтінде өз атыңның сол беттерде қалуы — баға жетпес сезім. Бұл – ұмытылмас эмоциялар.” – деді ол.
Бапкер сондай-ақ екі команданың да жанкүйерлерін ерекше атап өтті:
“Павлодар мен Астананың жанкүйерлері – еліміздегі ең үздік қолдаушы көрермендердің бірі. Олардың сенімі мен қолдауы әр матчта ерекше күш береді." – деді Алюетов.