Ринат Алюетов: «Төбелес үшін егде жастағы ойыншыларды құрбан етіп, таңдауды жастардың пайдасына жасадым»

10.11.2021, 21:11
Бұл жағдайдан кейін Кислицын мен Тұрысбек командадан кеткен еді.
Ринат Алюетов: «Төбелес үшін егде жастағы ойыншыларды құрбан етіп, таңдауды жастардың пайдасына жасадым»

«Жетісудың» бас бапкері Ринат Алюетов Youtube-тегі BorodAbata арнасына берген сұхбатында «Ақтөбеден» жеңілгеннен кейінгі болған төбелеске тоқталып, Александр Кислицын мен Бауыржан Тұрысбектің командадан кету себептерін айтты.

- Мәселенің туындағаны рас. Мұны қысқаша айтып берейін: ойын аяқталғаннан кейін жас ойыншылар бір жерге барып отырғысы келді, сол кезде мұны командадағы үлкен ойыншылар біліп қойды. Олар жеңілгеннен кейін бір жерге барып, көңіл көтерудің дұрыс еместігін айтады. Тіпті Кислицын: «Мен қаланың бір жеріне шыға алмаймын, басымды тік көтеріп жүруге ұяламын, өйткені біз алтыншы ойын қатарынан жеңіліп қалдық», - деді. Бұл «Ақтөбемен» өткен ойыннан кейін болды, есіңізде болса керек, ол естен танарлық матч болды: пенальтиден гол соқпадық, сосын гол соқтық, қақпашыны алаңнан қуған соң, олар сегіз адаммен ойнады. Шабанов допты шабуылшыға беріп қойды, қарсылас сегіз адаммен жүріп-ақ гол соқты. Осыдан кейін, әрине, бәрі ашуланды. Ол жерде төбелес болған жоқ: кейінірек бақылау камераларынан көргенімдей, бір-екі рет шапалақпен ұрған екен.

Олар жастарға: «Сендердің жиналып отыруларыңа қандай құқықтарың бар?» деп сұрақ қойды. Бұған жас жігіттер: «Біз алты ойында жеңіліп қалдық, бұл бізге қысым түсірді, бізге бұл атмосферада болу қиын, сондықтан көңілімізді басқа нәрсемен аулағымыз келеді» деп жауап берді. Осы жерде түсініспеушілік орын алып, егде жастағы ойыншылар жас жігітті шапалақпен ұрған екен.

Жаттықтырушы қандай шешім қабылдауы керек? Олар төбелесуге шақ қалды. Бірақ жас жігіттер үлкендерге қарсы шықпады, себебі оларды құрметтеді. Келесі күні мен камерадан жағдайдың қалай болғанын көріп, осыған қатысқандардың барлығын жинадым. Біз сөйлестік, сол сәтте мен қос тарапты да тыңдамай, бәріне айыппұл салдым.

Мен олардың мұндай әрекеттен кейін дұрыс қарым-қатынаста болмайтынын түсіндім. Сондықтан таңдауды жастардың пайдасына жасадым. Осы үшін егде жастағы ойыншыларды құрбан еттім. Бірақ дәл сол кезде Кислицын «Қызыл-Жармен» сырт алаңда өткен ойында жарақат алып қалған еді. Мен дәрігерлерден Кислицынның қанша уақыт емделетінін сұрадым: олар маған 3,5 ай кететінін айтты. Бұл кубоктік ойындардың алдында болды. Мұндай жарақаты бар жасы үлкен ойыншыны командада қалдырудың мәні бар ма? Осыдай кейін Александр екеуміз сөйлестік, ол: «Мұратұлы ешқандай мәселе жоқ, бірақ БАҚ бұл жағдайға байланысты не жазады?» деді. Мен «Жоқ, мен сені толығымен қорғаймын, қалай болды, солай айтамын, бірақ Александр, мен сені осы жағдайға байланысты командада қалдыра алмаймын» дедім. Ол кезде Кислицын командадағы ең көп жалақы алатын ойыншылардың бірі еді, осындай жағдай болған кезде 3,5 ай бойы ойнамайтын адамды алып қалудың мәні жоқ еді.

Біз онымен сөйлестік, оның кәсібилігі ұнады, ол өтемақы немесе басқа нәрсе талап етпеді. Ол: «Керек болмасам, кетемін» деді. Яғни, еш қиындық жоқ, біз онымен қоштастық.

Тұрысбекке келсек, ол жақта жағдай басқаша: ол бастапқыда көбірек жалақы алғысы келді және бізде егер оны басқа клуб шақырса, жібереміз деген келісім болды. Біз оған да айттық, Бауыржан, егер ұсыныс болса, біз сені жіберуге дайынбыз, өйткені енді жастарға көбірек мүмкіндік беріп, Айбар Жақсылықовты ойнатқымыз келеді. Ол да: «Кетуге дайынмын, менің де ұсыныстарым бар», – деді. Шабаевпен де жағдай солай болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×