Роджер Каньяс «Шахтерға» қайта оралды

29.01.2022, 01:33
Футболшы талай рет Қазақстан чемпионы атанған.
Роджер Каньяс «Шахтерға» қайта оралды

31 жастағы колумбиялық жартылай қорғаушы Роджер Каньяс қарағандылық «Шахтермен» келісім-шарт жасасты.

Каньяс 2012-2014 жылдар аралығында «Шахтер» сапында ойнаған болатын. Қарағандылық клубпен Қазақстан чемпионатын, ел кубогін және суперкубогін жеңіп алды. 2013 жылы «Шахтермен» бірге алғаш рет Еуропа лигасының топтық кезеңіне өтті. Клуб жейдесінде 66 матч өткізіп, 9 гол соқты, 3 нәтижелі пас берді.

Сондай-ақ Каньяс Қазақстанда ұзақ уақыт бойы «Астанада» өнер көрсетті. Елордалық клубпен төрт рет чемпион атанды, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты. «Астана» сапында 119 матч өткізіп, 15 гол мен 13 нәтижелі пастың авторы атанды.

Кейінірек «Ордабасы» (12 матч) және «Ертіс» (17 матч) командаларының да намысын қорғады. 2019 жылы павлодарлық клубтан кеткеннен кейін екі жыл бойы жұмыссыз жүрді. Ал 2021 жылдың сәуірінен бастап чилилік «Барнечеа» клубында доп тепті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×