Роман - орыстан шыққан бағалы аяқдопшы

29.01.2011, 03:46
Роман - орыстан шыққан бағалы аяқдопшы

Роман Павлюченко 1981 жылы Краснодар өлкесіне қарасты Мостовский ауылында дүниеге келеді. Кейіннен ата-анасымен Черкесскке көшіп кетеді. Ресейдегі миллиондаған жас бүлдіршіндер секілді Рома да кішкентайынан көшеде футбол ойнап, таңның атысынан, күннің батысына дейін ала доптың артында жүргенді ұнатып өседі. Оның футболға деген алғаш қызығушылығын әкесі байқап, 9 жасында аталмыш қаланың «Победа» жасөспірімдер клубына алып барады.

Бұл клубта 7 жыл доп теуіп, Ставропольдегі жасөспірімдер клубымен жолдастық кездесуінде жергілікті футбол мамандарының көзіне бірден іліккен жас талант сол клубта өнер көрсетеді.

Мектеп табалдырығын аяқтағаннан кейін ол енді жасөспірімдер клубымен қош айтысып, Ставропольдегі «Динамо» клубына алынады. Ал осы уақытта клубта дағдарыс басталып, жасы үлкен кәсіби ойыншылар басшылықпен келісе алмай бірінен кейін бірі кетіп жатты. Жергілікті бапкерлер бұл ретте талантты жас ойыншыларға сенім артты. Алаңда өзін еркін сезініп үйреніп қалған Рома бұл жерде де еш қысылмады. Өзінің ұқыпты ойынымен енді-енді көзге көріне бергенде, сонау «ЦСКА» мен «Шинниктің» бапкерлері қызығушылық таныта бастайды. Сырттай мән-жайды естіп бақылап жүрген волгоградтық  «Ротор» клубы бірінші болып құда түседі біздің Ромаға. Ол онда 3 маусым өткізіп, тіпті кереметтей жетістіктерге жетпегенімен, есесіне үлкен өмірлік мектептен өтеді. Міне, осыдан кейін ол премьер-лигада ойнай алатынын толық дәлелдейді. 2002 жылы мәскеулік «Спартак»  Павлюченконы өз қосындарына алған соң, ол жігіттің тасы өрге домалай бастайды. «Ақ-қызылдардың» қатарында 6 маусым өткізген иықты жігіт көптеген жетістіктерге жетеді. Мәселен, 2003-2007 жылдар аралығында бірнеше рет Ресей чемпионатында шабуылшылардың көшін бастаса, 2005-2007 жылдары премьер-лигадағы ең үздік 33 футболшының қатарына енеді. 2005-2007 жылғы маусымда чемпионаттың күміс жүлдегері атанады. 2007/08 Еуропа кубогінің жартылай финалына дейін жетеді. Ең қызығы, жалпы Ресей біріншіліктерінде салынып жүрген голдардың 10000-сын салу біздің иықты жігітке бұйырған екен. Бұдан кейін Ресей футбол тарихында Романың есімі жазылмауы мүмкін емес. Көрші Ресей премьер-лигасын бақылап отырсақ, жалпы футболшылардың жанкүйерлерге жағуы қиындау. Ал жанкүйерсіз футбол-футбол емес! 2008 ж Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирінде Ресей өз алаңында Англияны қабылдап, Романың екі голынан кейін 2:1 есебімен жеңіске жетіп, барша орыс жұртының сүйікті ұлы мен ұлттық батырына айналып шыға келеді. Авсртия мен Швейцарияда өткен ЕЧ-да жасындай жарқылдаған Павлюченко өз құрамасын өрге жетелеп, аталмыш турнирдің 3-ші орынын қанағат тұтып, елге оралады. Осындай сәтті ойындарынан кейін ол «Спартакта» қала алмады. Реті келсе «Спартак» та иықты жігітті қымбат сомаға еуропаға шығарып салуға дайын отырды.

2008 жылдың Еуропа Чемпионаты аяқталғаннан кейін, жазғы трансферлік маусымда Павлюченко Бекхэм сөйлейтін тілді нашар білетініне қарамастан, қуана-қуана лондондық «Тоттенхэмге» кете барды. Тәуелсіз Ресей футбол тарихында ол  сыртқа сатылған футболшылардың арасында ең қымбаты болды. Бейресми ақпараттарға сүйенсек, футболшының құны 15-18 млн. еуроны құраған. «Тоттенхэмде» Романға 90 минуттық ойын кепіл болмаса да, өзінің голдық пастарымен және салған керемет голдарымен көзге түсіп жүр. Оның ойын стилі әлемдегі ең бойшаң футболшы, өзінің клубтасы Питер Краучқа келеді. Роман 2010 жылы жаз айында мәскеулік «Спартакқа» қайта кетіп қала жаздады. Әрине, кетпегеніне өзі де қуанатын шығар шамасы. Өйткені, Англия премьер-лигасы мен Ресей чемпионатының деңгейлері – жер мен көктей! Жәй ғана екі мемлекеттің футбол алаңдарын салыстырыңыз. Олардың ішінде лық толып отыратын стадиондағы жанкүйерлер мен 90 минут тоқтамай айтып тұратын әр клубтың гимндері. Ал Ресейде мүлдем басқаша.  Егер сіз футболшы болсаңыз, сіз де ойланбастан 1- нұсқаны таңдар едіңіз. Солай емес пе?!

Руслан БАҚЫТЖАН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×