Роналду мен Карриктің кездесуі – “Манчестер Юнайтед” қаржылық шығынды жабу үшін Сауд Арабиясына бармақ

14.01.2026, 16:14

"Манчестер Юнайтед" биылғы маусымдағы сәтсіздіктерден кейін бюджеттегі жыртықты жамаудың амалын іздеуде, деп хабарлайды Aladop.kz.

Роналду мен Карриктің кездесуі – “Манчестер Юнайтед” қаржылық шығынды жабу үшін Сауд Арабиясына бармақ
Роналду & Каррик

Команда Англия кубогы мен Лига кубогынан ерте ұшып кеткендіктен, туындаған бос уақытты Сауд Арабиясында жолдастық кездесу өткізуге пайдаланбақ. Бұл сапар жанкүйерлер үшін Криштиану Роналду мен клубтың уақытша бапкері Майкл Карриктің қайта қауышуымен қызықты болмақ.

Қаржылық дағдарыс: 111 жылдық антирекорд

"Қызыл Сойқандар" үшін биылғы маусым өте ауыр өтуде. "Брайтоннан” жеңіліп, ішкі кубоктардан шығып қалуы клубты соңғы 111 жылдағы ең аз ойын санымен (барлығы 40 матч) қалдырды.

Өткен маусымда Еуропа лигасының финалына дейін жеткен клуб стадионнан түсетін табыстан айырылды. Биыл "Олд Траффордта" өткен жылмен салыстырғанда 10 ойын кем өтеді.

Әрбір өткізілмей қалған үй матчы клуб қалтасына шамамен 5,3 млн фунт шығын әкеледі. Сонымен қатар, Еуропа лигасының финалында "Тоттенхэмнен” жеңілу клубты 100 млн фунт сыйақыдан қақты.

Сауд Арабиясынан 10 миллион фунт пайда

Ағылшын басылымдарының мәліметінше, клуб басшылығы Сауд Арабиясының жалпы ойын-сауық басқармасымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Жоспар бойынша, Riyadh Season Cup турниріне қатысып, Криштиану Роналду бастаған "Әл-Наср" немесе "Әл-Хилаль” клубтарымен ойнамақ.

Бұл сапар "Юнайтедке” кемінде 10 млн фунт табыс әкелуі тиіс.

Ойын ақпан немесе наурыз айларындағы күнтізбедегі бос орындарға (кубок ойындары өтетін кезге) жоспарланған.

Роналду мен Каррик: Ескі таныстардың қауышуы

Егер бұл келісім жүзеге асса, клубты маусым соңына дейін баптайтын болған Майкл Каррик пен Криштиану Роналду қайта жүздеседі. Олар 2000-жылдары бірге алаңға шықса, 2021 жылы Каррик "МЮ" тізгінін уақытша ұстағанда Роналдудың бапкері болған еді.

Клуб басшылығының басқа да шаралары

Сир Джим Рэтклифф бастаған басшылық қаржылық шығынды өтеу үшін билет бағасын көтеріп, стадионда жаңа VIP-орындарды іске қосты. Дегенмен, Азия мен АҚШ-тағы турлардан түскен 15 млн фунтқа жуық табыс клубтың жалпы шығынын жабуға жеткіліксіз болып отыр. Сондықтан Сауд Арабиясына сапар шегу — клуб үшін қаржылық тығырықтан шығудың тиімді жолы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×