Роналдуды білеміз, ал Али Даеи деген кім?

Ернар Ламқадыров
Бас редактор
28.06.2021, 03:00
Али Даеи футболды әкесінен жасырын ойнап, өзінің рекордтық голын екі рет соқты. Ал Криштиану бүгін ирандық шабуылшының рекордын жаңарта ала ма?
Роналдуды білеміз, ал Али Даеи деген кім?

Францияға қарсы матчта Криштиану Роналду дубль жасап, әлемдік рекордты қайталады - қазір оның еншісінде ұлттық құрама сапында соққан 109 голы бар. Бұл рекордты алғаш болып орнатқан ирандық шабуылшы Али Даеи бұл жайлы мынандай пікір білдірді:

"Криштиану Роналдуды құттықтаймын, ол жаңа рекорд орнату үшін бір гол соқса болды. Бұл рекордтың Роналдуға тиесілі болуы мен үшін абырой. Ол бүкіл әлемдегі адамдарға шабыт беретін және өмірге әсер ететін керемет чемпион және гуманист".

Али Даеи деген кім?

Даеи - мансабындағы ең жарқын сәттерін тоқсаныншы жылдардың ортасы мен 2000 жылдардың басында өткізген ирандық шабуылшы.

Ол көбінесе ирандық клубтарда өнер көрсетті, бірақ шетелде доп теппеді деп те айта алмаймыз:

1996-1997 жж. - "Аль-Садд"

1997-1998 - "Арминия".

1998-1999 - "Бавария Мюнхен".

1999-2002 жж. - "Аль-Шабаб".

Даеи Иранда болмаған кезде Германия чемпионы атанып, екі рет Германия лигасының кубогін жеңіп алып, Чемпиондар лигасының финалына шықты. Бірақ оның басты жетістігі әрдайым Иран құрамасындағы рекорды болып саналады - 13 жыл ішінде ұлттық құрама сапында 109 гол соқты.

"Мен мансабымды аяқтаған кезде отбасым маған спорттың тарихына ендің деп айтты. Мен ол кезде бұл сөзге мән бермедім. Бірақ содан кейін мен түсіндім: көптеген керемет футболшылар өз құрамаларында аз гол соққан екен. Бұл мен үшін мақтан тұтар жетістік".

Оның футболға келуі - кездейсоқ оқиға. Әкесі оны инженер ретінде көрді, ал анасы оны жасырын түрде жаттығуға апарды

Даеидің балалық шағы толығымен дерлік оқудан тұрды. Түске дейін ол мектепке, кейіннен математикадан қосымша сабақтарға барды. Даеидің өмірінің бір сәтінде футбол пайда болды, бірақ оның әкесі бұған үзілді-кесілді қарсы болды: "Бірде әкем маған: "Бұл ақымақтық саған не үшін керек? Сен доп тебесің, бірақ ешқандай адамға пайдаң тимейді. Сен өзіңнің өміріңде бұдан да үлкен нәрсе туралы ойлануың керек", - деді. Мен, әрине, онымен келіспедім".

Даеи орта мектепті бітіріп, инженер-металлург мамандығы бойынша диплом алды. Бірақ ол қалай ұлы футболшыға айналды? Жауабы біреу-ақ: оған анасы көмектесті. Ол ұлын әр түрлі бапкерлерге және жасырын түрде жаттығуға апарды.

Әкесі ұлының футюол ойнап жүргенін "Эстегляль" клубына ауысуға екі ай қалғанда білді. Даеи: "Әкем шошып кетті, ол біздің алдағанымызға ренжіді, бірақ ол бәрін түсінді. Ол менің арманыма кедергі болған жоқ. Мен бұл үшін оған өте ризамын».

"Бавариядан" ұсыныс 1998 жылғы әлем чемпионатындағы матчтың үзілісі кезінде түскен. Бірақ ол сол турнирде гол соға алмады

Франциядағы 1998 жылғы әлем чемпионаты - Иран ұлттық құрамасы үшін тарихи турнир. Бұл оның екінші әлем чемпионаты болды. Даеи сол турнирге ұлттық құраманың басты жұлдызы ретінде барды, бірақ гол соға алмады. Ол бұл жағдайды былай еске алды:

"Біртүрлі жағдай. Әуежайда үйге келгеннен кейін Иран футбол федерациясының делегациясы бізді қарсы алып, гүл сыйлады - олар күлімсіреп, бізді мақтады. Біз әуежайдан шыға салысымен барлығы бірден айқайлай бастады: "Али, сен арзан футболшысың! Сен жалған ойыншысың". Мен гол соққан жоқпын және олар мені осылай атай алады, олардың бұған толық құқығы бар еді. Бірақ біз өз еліміз үшін күрестік, және менің ойымша, Германия, Югославия және АҚШ-пен бір топта ойнап, үшінші орын алу - жақсы нәтиже".

Шындығында, Али Даеи "Баварияға" 1998 жылы 1 шілдеде ауысты. Бірақ алғашқы ұсыныс Югославияға қарсы матчтағы үзіліс кезінде болды. Бірінші таймнан кейін ирандық жаттықтырушы Джалаль Талеби Даеиді өзіне шақырды. Кейінірек Талеби мұны былай еске алады:

"Мен Даеидің алаңдағанын қаламадым. Маған "Бавария" өкілдері бірнеше рет хабарласты, мен Алимен сөйлесуге уәде бердім. Бірақ мен әңгімені үнемі тоқтатып, кейде ұмытып кететінмін. Югославиямен матчта трибунаның астындағы бөлмеге бара жатқанымда, алдыңғы қатарларда "Бавария" директорларының бірін көрдім. Ол маған көзін қысып қарады - бұл Әлиге арналған ишара болатын".

Мен үзілісте Алиді шақырып алып, ашық айттым: "Бавария" маған қолқа салды, олар сенің мюнхендік клубқа ауысқаныңды қалайды". Ал ол маған: "Мен мұны білемін. Мен оларға тезірек жауап беруге уәде бердім, бірақ әлем чемпионаты болғандықтан мен оны кешіктірдім. Алаңдамаңыз, бұл маған ешқандай да әсер етпейді", - деп жауап берді

Жанкүйерлер алаңға жарылғыш зат лақтырғандықтан 84-ші голды екі рет соғуға мәжбүр болды

2003 жыл. Али Даеидің ұлттық құрамада 83 голы болды. 84-ші голды соқса Ференц Пушкаштың жетістігін қайталайтын еді. Даеидің 84-ші голы Тегеранда Солтүстік Кореяға қарсы ойында күтілген болатын. Екінші таймда Иран пенальти тебу құқығына ие болды, ал Даеи бұл мүмкіндікті мүлт жібермеді. Ирандықтар голды тойлап жатқанда, кейбір жанкүйерлер алаңға жарылғыш заттар лақтырды. Ол солтүстік кореялық ойыншының жанында жарылды.

Кореялықтар төрешіге матчты жалғастырудан бас тартатынын айтып, алаңнан кетіп қалды. Осылайша, Солтүстік Корея 0:3 есебімен техникалық жеңіліске ұшырады. Ал Даеидің голы есептелмеді.

Ол Кореямен болған матчтан бір апта өткеннен кейін тарихи гол соқты. Иран Бейрут қаласына Ливанмен ойнау үшін барды, сол жерде Даеи Пушкаштың рекордын қайталады.

Даеи Иран ұлттық құрамасында революция жасауға тырысты, бірақ жергілікті федерация оған сенбеді

Али Даеи жаттықтырушы ретінде үлкен жетістікке жете алмайды. Ол 2008 жылы Иран құрамасын қабылдады және бірден қиын жағдайға тап болды. 2010 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезінде оған 5 матч өткізу керек болды. Оның басшылығымен Иран бес ұпай жинады. Даеи бұл команданың жағдайын былай бағалады:

"Бізде беделді ойыншылар көп болды, бірақ олар ұлттық құраманың деңгейіне сәйкес келмеді. Бұрынғы жаттықтырушылар оларды негізгі құрамда шығаратын. Бірақ ол команданы жаңарту қажет болды".

Даеи құрамаға жастарды тартты, ал жанкүйерлер оның бұл әрекетіне ашуланды. Команда жеңіле бергендіктен Али қызметінен. Оның көмекшісі Хьюман Афазели Иранның соңғы жылдардағы ең жақсы бапкерін ауыстырды - бұның бәрі "билік құраманы дамытуға бағытталған жобаны қолдамағаны үшін" болды деді.

Ал Даеи бұл туралы басқаша пікір білдірді:

"Бұл менің жұмысым емес екенін түсініп, кетіп қалдым. Федерацияға қарсы ешқандай шағымым жоқ. Барлығы ұлттық құраманың тек жақсы нәтиже көрсеткенін қалайды. Сондықтан біз қоштастық".

Иран ұлттық құрамасынан кейін Даеи алты клубта жұмыс істеді. Бірақ соңғы екі жылдан бері жұмыссыз жүр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×