Рубен Аморим: “Бұл – “Манчестер Юнайтедтегі” ең ірі жеңісім”

20.10.2025, 13:00

Ағылшын Премьер лигасының кезекті турында "Манчестер Юнайтед" тарихи қарсыласы "Ливерпульді" тізе бүктіріп, маусымдағы ең маңызды жеңістерінің бірін тіркеді. Кездесуден кейін команданың бас бапкері Рубен Аморим BBC Sport басылымына берген сұхбатында ойын мен нәтижеге қатысты әсерімен бөлісті.

Рубен Аморим: “Бұл – “Манчестер Юнайтедтегі” ең ірі жеңісім”

Португалиялық маман бұл жеңісті өзінің Mанкуниандықтармен бірге жеткен ең ірі әрі мәнді жетістігі деп атады:

"Менің “Манчестер Юнайтед” бапкері ретіндегі ең үлкен жеңісім — осы. Бұл нәтиже біз үшін аса маңызды. Ең бастысы – осы үш ұпай бізге сенім мен күш берді. Әр ойында қиындықтар бар, кейде екінші таймда ойынымызды жоғалтамыз." 

Маманның айтуынша, "Юнайтед” ойын алдында қарсыласты егжей-тегжейлі талдап, стандартты жағдайлар арқылы жеңіске жетуді жоспарлаған:

"Біз “Ливерпульдің” ойынын мұқият зерттедік. Бүгін стандарттар — біздің басты қаруымыз болуы керек еді. Тәжірибелі ойыншыларды шығардық, ал жоғары прессинг кезінде қарсылас жиі қателесетінін байқадық. Соның арқасында жеңіске жеттік.” — деп түсіндірді ол.

Аморим сондай-ақ команданың капитаны Харри Магуайрдың ойынын ерекше атап өтті:

"Магуайр бүгін команда үшін үлкен жұмыс атқарды. Ол тек алаңда ғана емес, киім ауыстыратын бөлмеде де нағыз көшбасшы болуға тиіс." — деді бапкер.

Кездесуден кейінгі көңіл күй жайлы сұралғанда Аморим әзілмен жауап берді:

"Ойыншыларымның қуанышын көргенде мен де бақыттымын. Бірақ олар киім бөлмесінде қандай музыка қосқанын естігенде жүрегім ауырып кетті, менің музыкалық талғамым олардан әлдеқайда жақсы.” 

Аморимнің пікірінше, бұл жеңіс "Манчестер Юнайтед” үшін жаңа кезеңнің бастауы болуы мүмкін. 

"Бұл жеңіс тек ұпай үшін емес, команда рухын ояту үшін де маңызды болды." — деп қорытындылады Рубен Аморим.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×