С. Стойлов: "Ертеңгі ойын оңайға соқпайын деп тұр"

14.11.2018, 23:25
С. Стойлов: "Ертеңгі ойын оңайға соқпайын деп тұр"
  Ертең «Ұлттар Лигасының» аясында Қазақстан құрамасы өз алаңында Латвияны қабылдайды. Бүгін Станимир Стойлов дәстүрлі түрде ойын алдындағы баспасөз жиынын өткізді. -Сырт алаңдағы алғашқы ойыннан кейін қарсыластың қандай осал тұстарын байқадыңыз? - Мені бірінші ойында таңқалдырғаны қарсыласымыздың жүйелі, комбинациялы ойын көрсетуі дер едім. Әрі допсыз қалған тұстарда үнемі қысым жасаумен болды. Бұл Латвия құрамасындағы жаңа бапкердің өзіндік ойын мәнері деп білем.  Жалпы турнирлік кестедегі орнына қарамастан қарсыластарымыздың ойын өрнегі біршама жақсарған. Маған қарсыластың қалай ойнайтыны емес, өз жігіттерімнің қалай доп тебетіні әркез маңызды. Өкінішке қарай, кезегі жатығу барсында Еркебұлан Сейдахмет жарақат алып қалды. Ертең ол ота жасату үшін Германияға аттанбақ. Жобамен емделуге   айдай уақыт кетеді. Одан бөлек, Юрий Логвиненко, Дмитрий Шомко мен Алексей Щеткиннің алаңға шықпағандарына бір айдан асты. Тағы бір қорғаушымыз Евгений Постников та жарақатына байланысты қатардан шығып қалды. Бізде қосалқы құрамда олардың орнын басады деген  Иван Антипов, Оралхан Өміртаев, Темірлан Ерланов сынды жас ойыншылар бар. Бірақ бәрін ертеңгі жағдайға қарап шешеміз. Жауапты ойын алдындағы осындай мәселелер жүйкеге біршама салмақ түсірмей қоймайды. -Қорғаныстың сол қапталында алаңға шығады деген Дмитрий Шомко мен Александр Марочкинде де аздаған жарақат бар. Ертең осы позицияда Бахтиёр Зайнутдиновтың шығу мүмкіндігі қаншалықты жоғары?  - Бәрі мүмкін. Алайда, бұл позицияда Ғафуржан Сүйімбаев бар. Ертеңгі ойында алаңға оның шығу мүмкіндігі жоғары. Бахтиёр алғаш «Астанаға» келгенде оқу-жаттығу жұмыстары барысында Мәскеудің «Спартак» клубымен жолдастық кездесу өткізген болатынбыз. Сол кезде  Бахтиёр сол қапталдағы қорғаушы ретінде байқап көргенмін. Мен оның әр түрлі позицияда ойнай алатынын жоғары бағалаймын. -Бауыржан Исламхан Андорраға қарсы ойындағыдай сол қапталда ойнауы мүмкін бе? Әлде әдеттегідей алаң ортасында қалдырасыз ба?   - Ұлттық құрамада біздің тактикамызға сай келетін футболшылар жеткілікті. Бауыржан Исламхан да, Серікжан Мұжықов та, Роман Мұртазаев та қос қапталда ойнай алады. Бауыржан алдыңғы ойындағы арнайы тактикаға байланысты орын ауыстырды. Ал осы жолы қалай болатынын көре жатармыз.  - Жақында өз мансабын аяқтаған Андрей Аршавин жартылай қорғаушымыз Думан Нәрзілдаев туралы жағымды пікірлер айтыпты. Ал сіз Думан туралы  не айтар едіңіз? Енді оны құрамаға жиі шақыртып тұрасыз ба?  - Шыны керек, осыдан бір жыл бұрын көпшілік жанкүйерлер тіпті бұндай ойыншының барын да білген жоқ еді. Биылдан бастап қана ол негізгі құрамға көп ілігіп жүр. Менің ойымша, Думанға әлі көп жұмыс істеу керек. Мейлі, ол қазір негізгі құрамда алаңға шығуы мүмкін. Алайда, енді 5-6 жылдан кейін негізгі құрамдағы орнын сақтап қала алады ма? Міне, мәселе осыда. Бәрі ойыншының өзіне байланысты. Оған әлі шеберлігін жетілдіру қажет. -Ертең қақпаны Ненад Эрич қорғайды ма? Ұлттық құрама мен клубтық деңгейдегі ойындарда  Артур Карашаускастан гол жіберіп алатынын ескерсек, неге өзге қақпашыларымызға мүмкіндік бермеске. - Ертең қақпада Эрич тұрады. Бұл шешіміме сенімдімін. Осы ойыннан кейін Грузияға қарсы матчта қақпада кімнің тұратыны туралы кейін ойланатын боламын.                                                                                                             Шамкен БАЙЫРБЕК.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×