"Реал Мадрид" әдетте өздері қажет емес деп санаған ойыншыларынан ғана бас тартады. Келесі жазда Мадридтіктердің сату тізімінде болуы мүмкін ойыншылардың бірі Француз жартылай қорғаушысы Эдуардо Камавинга.
The Daily Briefing дерегінше, "Челси” Камавинганы 2026 жылдың жазында командаға қосуды жоспарлап отыр. 18 жасында "Реалға" қосылған Камавинга 2022 жылғы Чемпиондар лигасындағы керемет ойынымен көпшілікті таңғалдырған еді. Алайда соңғы жылдары оның дамуы баяулап қалғандай. АПЛ-дың бірнеше клубтары оған қызығушылық білдіргенімен, Ағылшын басылымы "Челсидің" белсенділігі жоғары екенін және Француз ойыншысы "Стэмфорд Бридждің” нақты трансферлік мақсаты екенін жазды.
"Бұл ақпарат 100% расталған. Хаби Алонсоның тактикасында Камавинганың орны әлі нақты бекітілмеген. Егер дұрыс жоба мен лайықты ұсыныс түссе, ойыншы кетуді қарастыруы мүмкін. "Челси” оған бұрыннан қызығып жүр." – деп келтірді дереккөз.
Дегенмен, "Реал” жас талантты арзанға сатпақ емес. Камавинганың трансферлік құны кем дегенде 80 миллион еуро болмақ. Оның небәрі 22 жаста екенін және болашағы зор екенін ескерсек, Мадридтіктердің бұл ойыншыдан оңайлықпен айырылғысы келмеуі заңды. Алдағы маусым Камавинга тағдырына шешуші рөл ойнауы мүмкін.
Француз ойыншысы соңғы төрт ай бойы жарақаттан көз ашпай, енді ғана сапқа оралды. Камавинганың дамуын тоқтатқан басты себеп жарақаттар мен ойын ырғағының үзілуі.
Сонымен қатар, мамандар оның әлі де тактикалық тәртіпке толық үйренбегенін айтады. Доппен ойнаудағы батылдығы мен допты қайтарудағы шапшаңдығы мықты болғанымен, ол бұл қасиеттерін матч бойы тұрақты көрсете алмай жүр. Өткен маусымдарда Камавинга тіпті қорғаныс шебінде де ойнап, негізгі позициядағы тұрақтылығын жоғалтқан еді.