
"Жетісу" клубының бас бапкері Самат Смақов ҚПЛ-дың 5-турындағы "Ордабасы" клубына қарсы өткен ойындағы жанжал мен баспасөз мәслихатындағы мәлімдемесі үшін тәртіптік жазаға тартылуы мүмкін
Талдықорғандық клубтың бапкері ойынның 87-минутында алаң жиегіндегі әрекеті үшін алаңнан қуылды. Ал матч аяқталған соң ол баспасөз конференциясында төрешілер бригадасын қатаң сынға алып, олардың әрекетін әділетсіз деп айыптады.
Бұл жағдайға қатысты Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Нұрсұлтан Құрман пікір білдірді. Оның айтуынша, Смақовтың мінез-құлқы мен мәлімдемесі ҚФФ-ның бақылау-тәртіптік комитетінде қаралады.
"Самат Смақов — қазақстандық футболдағы беделді тұлға. Алайда, оның матч кезінде және одан кейінгі әрекеттері егжей-тегжейлі талданады. "Жетісу" тарапынан ресми шағым түскен жоқ. Соған қарамастан, ҚФФ төрешілер департаментінің басшысы Нуну Алешандре Паррейра де Каштру Смақовпен видеобайланыс арқылы сөйлесіп, төрешілердің шешімдерін түсіндіріп берді. Бас бапкердің өз ұстанымын білдіруге мүмкіндігі болады.” — деді Құрман әлеуметтік желілерде.
Аталған оқиға бойынша нақты шешім келесі аптаның басында белгілі болады.
Айболат Өнер
Біздің серіктес: FONBET