САМАТ СЫМАҚОВ «ҚАЙРАТТАН» НЕГЕ КЕТТІ?

31.10.2014, 02:00
САМАТ СЫМАҚОВ «ҚАЙРАТТАН» НЕГЕ КЕТТІ?
Самат Сымақов «Қайраттан» кететін бол­ды. Оның «ҚазРосГаз» кеңсесіне ба­рып, «Қайраттың» басшылығымен кезде­сіп шыққаны белгілі болды. Әңгіме бары­сында не айтылды, не келісілді – беймәлім. Анығы, капитан енді алматылық клубтың намысын қорғамайды.
Мәселе неден басталып еді? «Астана» – «Қайрат» матчы 5:1 есе­бі­мен аяқталды. «Қайрат» үшін бұл алтынға пара-пар ойын еді. Өз алаңында «Қайсар­ды» еңсере алмаған соң, өкшелеп келе жат­қан астаналық команданы өкпе тұстан ұрып, есеңгіреткен күйі ұзап кетудің мүм­кін­­дігі осы еді. «Астананың» кейінге қал­ды­рылған және бір кездесуінің («Ақтө­бемен») нәтижесіне алаңдамай-ақ, соңғы тур­да өз алаңында жанкүйерлердің кере­мет қолдауымен ұтып кетуге, сөйтіп, 10 жыл үзілістен кейін чемпиондық атаққа қайта қол жеткізуге болатын-ды. Есепті Исаель ашып, Вайсс шәкірттерінің жолын ашқандай көрінгенмен, артынша «Қайрат» өз қақпасына 5 доп жіберіп алды. Ойын­нан кейін команда басшылығы 5 футбол­шыны – Самат Сымақовты, Александр Кислицынды, Заурбек Плиевті, Михаил Бақаевты және Дмитрий Хомичті маусым соңына дейін командадан аластады. «Бұл бесеу жанын салып ойнаған жоқ» – қыс­қар­тып айтқанда, тағылған кінә осындай. «Қайрат» чемпиондық жолында «Аста­на­ның» бірден-бір қарсыласы бола тұрып, неге басты бәсекелесінен ойсырай ұтыл­ды? Шынында да, осы бесеуі ойынды «сат­ты» ма? Сатса, дәлел қайсы? Оған Сыма­қовтың қандай қатысы болуы мүмкін? Жанкүйер көңілін осындай сұрақтар алаң­датты және әлі нақты жауабы берілген жоқ. Басқа-басқа, Саматтың «лас ойын­дар­ға» араласуы, тіпті мүмкін емес деп біледі жан­күйерлер. Бұл азамат соңғы 15 жыл­дағы қазақ футболының айнасы іспетті. 21 жасында Ресейге барып, «Ростсельмаш» са­пында екі маусымға жуық ойнап қайт­ты. «Қайратты», «Ақтөбені», ұлттық құра­ма­ны неше жыл алға сүйрегені де көз алды­мызда. «Ақтөбе» сапында қатарынан ел чемпио­ны атана жүріп, 2012 жылы Түр­кия­ның «Ризеспор» командасына тартып кетті. «Ризеспор» ұсынған ақша «Ақтөбе­нікінен» кем болғаны да айтылды. Демек, Сыма­қов алдағы «кәрілігін» ойлап, ақша жинауға тырысып жүрген адам емес. Ол өзі туған Семейде және оңтүстіктегі Кен­тау қаласында футбол академиясын ашып, әлі күнге өз қаржысымен қамтамасыз етіп келе жатыр. Сонда «Қайраттың» 60 жыл­ды­ғында, өзі әне-міне футбол зейнетіне кетейін деп отырған жаста оның тікелей бәсе­келесіне ойынды «сатуы» мүмкін бе? Қалай дегенде де, біз, қарапайым жан­күйер­лер, біле бермейтін қитұрқылықтар жетеді. Сымақов бастаған бесеу кеткен соң, «Қайрат» «Ордабасымен» кездесіп, 2:0 есебімен басым түсті. Жаңа да жас капи­тан Бауыржан Исламхан алаңда Сы­мақовтың жоқтығы қатты байқалға­нын айтып қалды. Ал бас жаттықтырушы Вла­димир Вайсс ойыннан кейінгі баспасөз мәсли­хатында алқымына өксік тығыл­ғандай әзер сөйлеп, команда атмосфе­ра­сын аз сөзбен-ақ ұқтырып өтті. «Чемпио­нат­тың аяқталуына екі тур қалды. Біз өзі­мізге тән өрнекті бұзбай, жақсы ойнау­ға тырысамыз. Астанадағы ойын бұл санатқа кірмейді. Ол жерде командаға да, маған да, ұжымға да үлкен қысым болды. Әрине, оңай емес, бірақ біз өз міндеттерімізді орын­дауға, жұмыс істеуге тиіспіз. Не бола­тынын көреміз ғой. Мүмкін, сіздермен соңғы рет көрісіп тұрған болармыз, мүм­кін, әлі бір жыл жүрерміз, бәрін өмір көр­се­теді. Маусым аяқталған соң шешім қа­был­даймыз. Ол шешім клубтың пайда­сына жұмыс істеуге және тараптардың бәрі ырза болуға тиіс» деді Вайсс. Бапкердің лебізіндегі «Ол жерде ко­ман­даға да, маған да, ұжымға да үлкен қы­­сым болды» деген сөзге назар ауда­райықшы. Еркін адам ретінде бұл лебізді екі ба­ғытта қарастыруға болады. Біріншісі – «Астананы» қалайда чемпион жасау «ойыны» басталғанына нақты дәлел. Чем­пионның тамағына кесе-көлденең тұрған жалғыз «Қайратқа» қысым жасалып, сол қысымның нәтижесіндегі сәтсіздікке бі­реулерді кінәлі етіп тану қажет болды. Со­ған осы «бестік» құрбандыққа шалынды. Екіншісі – шынында да кейбір ойыншы­лар жанын салмай ойнауы мүмкін. Статис­ти­каға қарайық. «Қайрат» бұл маусымда осы ойынға дейін бір де бір рет ойсырай ұтылған жоқ. Ал «Астанамен» матчта өз қақпасына бағытталған 6 соққының төр­теуі голға айналған. Дмитрий Хомичтің 1, 2 және 4 голдардағы қимылы шынында да күмән туғызады. Бірі екі аяқтың орта­сынан кетті, екіншісінде қасынан зу ете қалған допты көзімен шығарып салды, со­сын­ғысында «ырым болсын» секіріс жа­сап, допқа қолы жетпеген ыңғай танытты. Бірақ бұл – біздің жорамал ғана. Хомич сол кү­ні шынында да, сол жамбасымен тұрған бо­луы мүмкін. Әлдеқандай қысым болса, «Қайрат­тың» чемпион бола алмайтыны шешіліп қойса, қазақ футболының бейнесі іспеттес Сымақовты сонша қаралаудың не қажеті бар еді? Саматтың үш жылға жуық ұлттық құ­ра­маға шақырылмауының астарында да үлкен мән жатқанын жанкүйерлер жақсы біледі. Демек, біздің футболымызға да өз айтары бар, айтқанға бас шұлғи салмай­тын, команда намысын ақшадан әлдеқай­да биік қоятын футболшылар керек емес. Егер шынында да, Сымақов кінәлі бо­лып шықса, ол мойындар еді. Және әліптің ар­тын бағып жатып алмақ емес. Басқа төр­теу үнсіз жатқанда, «Қайраттың» кеңсесіне барып, өз құқын талап етуі де тегін емес. Басқа біреу болса, келісімшарт мерзімі біткенше қомақты ақшасын алып, өз ко­мандасының ойынын теледидардан үйін­де қарап жатуы да мүмкін еді. Самат өйтпейді. Жас өскен сайын адамның айнала­сындағы таза нәрсе азаяды. Самат қазақ футболының тазалығы іспеттес еді. Қанша күйе жағылса да, ақтығы дәлелденіп шыға­тын. Бұл жолы да солай болатынына сене­міз.

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×