Самир Фазли: «Командам жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалады деп сенемін»

17.09.2021, 16:09
Македониялық шабуылшы «Тұран» жейдесіндегі алғашқы матчында гол соқты.
Самир Фазли: «Командам жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалады деп сенемін»

«Тұран» командасының сапына жаңадан қосылған Самир Фазли ҚПЛ-дағы алғашқы матчында гол соғып, көзге түсті. Бір кездері Солтүстік Македонияның үміт артқан футболшысы болған ол мүмкіндігін толық көрсете алмады. Македония ұлттық құрамасының жейдесінде доп тепкен Самир Фазли «Тұранға» ауысуы туралы пікір білдірді:

— Самир, қалай «Тұран» командасының ойыншысы атандыңыз?

— Клуб өкілдері байланысқа шығып, қызығушылық танытты. Сондықтан осында келуге шешім қабылдау оңайға соқты.

— Қазақстан Премьер-Лигасындағы бірінші матч — бірінші гол. Жаңа клубтағы жолыңыздың осылай басталғанына көңіліңіз тола ма?

— Әрине, көңілім толады. Бірінші ойында бірінші голымды соқтым. Шабуылшы үшін гол соғып, әдемі ойын көрсету өте маңызды.

— Дұрыс түсінсем, сіз орталық шабуылшысыз? Алаңның басқа позициясында ойнамайсыз ба?

— Иә, тек шабуыл шебінде ойнаймын.

— Голландияның «Хееренвенінде» жүргенде сізді клубтың үздігі болады деп сенім артқан. Неге жоғары деңгейде ойнай алмадыңыз?

— Иә, жас кезіңде «Хееренвен» секілді тамаша командада ойнау жақсы әсер қалдырады. Бірақ жарақат көп алғандықтан өзімді көрсете алмадым. Дегенмен осы клубта өткізген әрбір минутым мен ойыныма көңілім толады.

— Сіз Голландия, Швейцария, Хорватияда ойнадыңыз. Легионер ретінде өзіңізді сенімді сезінесіз бе?

— Әрине, Еуропада мықты командалар сапында ойнау әркез ләззат сыйлайды. Өзімді легионер ретінде сенімді сезінемін, ол үшін еңбектеніп, мүмкіндігімді көрсету үшін барымды саламын.

— Қазіргі таңда мансабыңыздың осылай өрбіп жатқанына көңіліңіз тола ма?

— Бұған дейін айтқанымдай, толық көңілім толады дей алмаймын... Егер азырақ жарақаттанғанымда мансабым жақсырақ, басқаша болар еді. Бірақ бүгінге дейін жеткен жетістігіме көңілім толады.

— Қазақстандағы мансабыңыздан не күтесіз?

— Бірінші кезекте, командам жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалады деп сенемін. Бұл клубтың ғана емес, менің де мақсатым. Ал өзімнен жақсы ойындар мен көп голдар күтемін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
×