Камерун футбол федерациясының президенті Самуэль Это’ О федерация қаржысынан $600 мың ұрлады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Actu Cameroun.
Ақпарат көзінің мәліметінше, федерацияны басқарып отырған бұрынғы футболшы қылмыстық сөз байласу арқылы ақша жымқырды және қаржыны заңдастырды деген айып тағылып отыр. Аталған $600 мың АҚШ доллары 2023 жылы Мексикамен өткен матч үшін Камерун ұлттық құрамасы ойыншыларына берілетін сыйақы болған. Алайда бұл қаражат футболшыларға әлі күнге дейін төленбеген.
Бұған байланысты Самуэль Это’ О-ға қатысты АҚШ-тың Федералды тергеу бюросы (FBI) мен Әділет министрлігіне шағым түскен.
Айта кетейік, Самуэль Это’О 2021 жылдан бері Камерун футбол федерациясының президенті қызметін атқарып келеді. 2024 жылдың қыркүйегінде ФИФА оны агрессивті мінез-құлқы мен “адал ойын” қағидаларын бұзғаны үшін Камерун ерлер және әйелдер құрамаларының матчтарына алты айға баруына тыйым салған болатын.