Сапасы сағатындай!

03.07.2021, 00:50
Бүгін ширек финалдың ойындары басталады.
Сапасы сағатындай!

Швейцария футболы өз тарихында тұңғыш рет теңдессіз жеңіске жетті. Олар ойын соңындағы пенальтиден құрлық біріншілігінің ширек финалына жолдама алды

Қыңыр емес едік. Қырық кісінің жақтағанын мақтай салатын әдетіміз тағы жоқ. Еуропа чемпионаты басталмай тұрып пікір сұрағандарға Францияның бәйгеден келетініне күмән келтіретінімізді айттық. «Футболды білетін әрі түсінетін тоқсан тоғыз адам Нголо Кантенің кереметін жіпке тізеді, сіздің тым болмаса Киллиан Мбаппеге сенбейтініңіз қалай?», — деп кейіп танытқан жанға да біздің тарап жымия салған. Кейін ойланып қалдық. Шынында да біздің көзқарас көпшіліктің ойымен қабыса кетпейтіні қалай? Неге бүйректен сирақ шығара береміз? Жұрт жүйрік деп таныған Франциядан не кемдік таптық? Саналыға жауап іздететін салмақты сауалдар ғой. Бастапқы ойдан жеріп кетпесек те осы мәселені жеріне жеткізіп зерттеп көрмек болдық. Және Франция — Германия кездесуінен кейін француздардың әлсіз әрі мықты тұсын таныдық. Мықты дейтініміз, Дидье Дешамның жиған жасағы. Тіпті Кәрім Бенземаны шақыруында да бір астар жатыр. Әлсіз болатыны, Киллиан Мбаппе мен Поль Погба секілді сұрмергендер жүрген кезде Бенземаның әлі де найзаның шашағындай болып, алғы шепке керек екендігі. Демек ел мақтаған екеуде де бір шикілік бар ау. Көктемде, елордада Дидье Дешаммен жолыққан күні Францияның бас бапкеріне бірнеше сұрақ қойдық. Тілмәш дұрыс аудара алмады. Соның бірі мынау: «Айтшы, Дидье бүгінгі футболдың күні неге қорғаушыға қарап қалды? Шабуылды солар ұйымдастырады. Допқа да көбіне иелік етеді. Өзің ше, сенің заманыңда плеймейкер деген қызмет болды ғой. Ұстазың Эме Жаке тап сені сол қызметке алды да. Ойынды ортадан үйлестіруші едің. Біздіңше Зәке, өзің Зидан дейтін командалас досың да допты бір өзі тебе бермей, қасындағыларды шабуылға жұмылдыратын. Тіпті анау Аллен Богосянның өзі де бір төбе еді. Қайда кетті, сол футбол? Біз тіпті Ален Жиресс пен Жан Тигана кезін де айтып отырған жоқпыз. Алты-жеті жылдың алдындағы романтикалық футбол еді ғой». Тілмаш аударды да. Дидье жауап қайтарды. Сауал сауатты аударылмаған еді, қаңқасын келістіргенмен, ішкі иіріміне бойлай алмады, тілмаш. Дидье жауап берді: «Бұрынғының да, бүгінгінің де футболы бір мақсатқа құрылған. Жеңіске жету. Менің заманым ол өткен дәуір. Қазір Киллиандардың кезі. Олардың да өз шеберліктері бар. Және көпшілікке ұнайды. Сіздің қай футболды аңсайтыныңызды түсіне алмадым, Францияның бүгінгі құрамасы да ешкімнен осал емес. Оны жақын арада көресіздер». Жымиып күлді. Біз де езу тарттық. Сұрақ көп еді. Тіпті бас бапкер күткен де болар. Бірақ аудармашы ақсап қала беретін болған соң тоқтадық.

Францияның мықтылығын тұтас мойындай алмауымызда сондай бір сыр жатыр. Ғұнғрияның балалары әбден есін шығарған күні бастапқы ойымыздың қисыннан қиыс кетпегенін түсіндік. Айтпақшы, Швейцариямен ширек финал жолдамасын сарапқа салғалы жатқанда телефонымызға тосын хабарлама түсті. Тап осы футбол туралы сұрайды деп ойламаған танысымыз, «Футбол жүргізуші едіңіз ғой. Бәс тігіп жатыр, айналам. Мен де көрсем бе екен, чемпион туралы қандай пікірдесіз? Кімнің даңқы артып тұр?», — деп сәлем жолдапты. «Италия мен Германияның, Англия мен Бельгияның дәмесі зор. Осы Дания мен Чехия қайтер екен? Жаңа чемпион шығып жүрмесін», — деп жазып жібердік. "Қалайша, достардың бәрі Мбаппеге сеніп отыр, сіз өзгеше ойлайды екенсіз". Қызып кеттік. Телефоннан жазу қолайсыз болса да, былай дедік. «Мбаппе кім? Оң, солын әлі толық танымаған бала. Егер Антуан Гризманн туралы айтылса, әңгіме басқа. Ол енді сақа футболшы және тұтас бір команданы жетекке алатындай тұлға. Өзі де аянбайды, өзгенің де тартынып қалғанын қаламайды. Кәрім Бензема бар. Сыйлағанның құлы деуші ма едік? Дидье Дешамнан ұят болмасын деп барын салады. Сосын кім? Ешкім жоқ! Өтірік айтамыз. Мықты ойыншылар көп, бірақ олар команданы өрге тарта алмайды». Жауап тез келді. «Е, мен сізді футболды жақсы біледі екен десем. Жанымдағылар күліп отыр». «Күле берсін. Түнде Швейцария шаң қаптырып кетсе таңқалмаймын». «Швейцария?». «Ия!». «Сіз шынымен мен танитын Аманкелдісіз бе, спорт журанлисі?» «Экс-комментатор». «Ия, онда түсінікті». Бірталай жазыстық. Сосын матч басталды. Франция ширақ көрінді. Алғашқы минутта Мбаппенің гол соғатын жөні бар еді. Әріптесіне пас ұсынды. Нәтижесінде тек бұрыштамадан доп беруге мүмкіндік алды. Рафаэль Варан мен Беземаның да мүмкіндігі болды. Тағы да қарсыластар қақпасына қысым жасады. Швейцария есеп ашқанша. Стеван Цубер Харис Сеферовичтің басына доп салып берді. Ленгледен биік секірген Харис Уго Льорис қақпасына гол соқты. Француздар VAR көмекке келер деп ойлады. Алайда ойын тәртібі бұзылмап еді. Киллиан және оның командалас достары енді есе қайтаруға шыңдап кірісер дегенбіз. Ойға шомып кетті ме, үдіксіз шабуыл қайда, тап бір матч соңына тақағандай, допты бір-біріне ұзатып жүріп алды. Рас, екінші тайм басталғанда тың серпіліс байқалды. Сол кезде Владимир Петкович шәкірттері нәтижені еселейтін мүмкіндік алды. Пенальти! Цубер Бенжамен Паварды алдап өтіп бара жатқан, қорғаушы тәртіп бұзды. Жазаға тартылды. Рикардо Родригес есепті еселеуге ұмтылып еді, Льорис шеберлік танытты.

Сол сәттен бастап ойын тізгінін Кәрім Бензема өз қолына алды. Бас-аяғы екі минуттың ішінде Бензема екі гол соқты. Артынша Поль Погба көзге түсіп, ширек финалда кімнің ойнайтынын анықтап бергендей еді. Швейцария енді қайрат көрсетеді деген ой ешкімнің қаперіне кірмеген. Харистан басқа. Сеферович тағы мергендік танытып, әлем чемпиондарының қорғанысын қалай бұзып-жаруға болатыны жайында дәріс оқыды. Теңіздей толқып тұрған матчтың тоқсаныншы минутында Марио Гавранович таразы басын теңестірді. Міне, жетістік. Оны аз десеңіз, сол Марио ойын соңынан кейінгі пенальтиді сәтті бастап берді. Жиру, Погба, Кимпембе, Тюрам Зоммер қақпасын дәл көздеген. Солардың қасынан орын алған Киллиан Мбаппе мүлт кеткен соң Швейцарияның ширек финалға шыққаны мәлім болды! Сағатындай сапалы ойын көрсеткен ұлттық құрама енді жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.

МҰҢАЙҒАН ДА ЛУИС, ҚУАНҒАН ДА ЛУИС

Луис Энрикені анық танып, жақын араласатындар болса, санап көрсін. Хорватиямен өткен ойыннан кейін Испания құрамасының бас бапкерінің қанша тал шашы ағарғанын. Жалпы сол кеште талай жанкүйердің жүйкесіне салмақ түскені анық. Жүрегі ауырғандар қаншама! Бәрі де хаттамадағыдай еді. Испания жүйрікке тән сипатымен ойынды әдемі өріп келе жатқан. Әне-міне есеп ашатындай болып, шабуылға иек артты. Қорғаныста да сақ жүрді. Тек, Унаи Симон гол соғуға себепкер болғанша. Тіпті қақпашының да кінәсі шамдай ма екен дейміз. Бәрін бүлдірген Педри. Сол қанаттағы ойыншы допты өз қақпашысына сонша ыңғайсыз ұсынды. Нәтижесін білесіздер. Енді Педри жан-дәрменімен алға ұмтылды. Жағдайды түзеу үшін. Отыз сегізінші минутта Пабло Сарабияның таразы басын теңестіруіне себі тиді. Хорватия тең ойынға тәубә айтатын жағдайда еді. Луис Энрикенің ойыншы кезін жақсы білеміз. Ривалдо екеуі «Барселонаның» ойынын жүргізіп, жүлде біткенді жинап бергені жылнамада жазулы тұр. Білікті маман болып қалыптасып келе жатыр. Құрлық біріншілігінде қолтаңбасы қатты байқалып тұр. Командасы кезең сайын ысылып келеді. Ұзаққа шабатын бәйгенің аты секілді. Түбі финалдан табылуы да әбден мүмкін. Біз жорамал қайығында тербелгенде Сесар Аспиликуэта гол соғып үлгерді. Ферран Торестің пасын ұтымды пайдаланып. Енді Хорватия шабуылға иек артты. Ребич-Влачиш-Петкович үштігі үшкір найза секілді. Кез келген қорғаныстың жібін шетінетіп жіберетін жігіттер. Алайда, Унаи Симионның енді қателесетін түрі жоқ. Өз қорғаушыларына әмір беруге де әбден төселіпті. Сол кезде Ферран Торрес оң қанаттан бұлт ете қалып, хорваттарға қауіп бұлтын тіпті қоюлатып берді. Есеп 3:1-ге жетті. Матчт та соңына таяған. Ойынды құтқару мүмкін емес еді. Мүмкін екен! Сексен бесінші минутта Мислав Оршич көзге түсті. Төреші белгілеген қосымша алты минуттың ішінде Марио Пашалич таразы басын теңестірді. Сол кездегі Луис Энрикенің түрін көрсеңіз ғой. Жерге отыра кетті. Басын шайқай береді. Матч соңынан сөз алғанда, «Біз бүгін бүтін бір оқулықты тауысқандай әсердеміз. Футбол оқулығын. Унаи Симонның өзі дәріс оқыды. Футболды қалай ойнау керектігін үйрететін. Одан кейінгі жағдайлар да сабақ болды. Дұрыс қой. Білім солай шыңдалады», — депті. Ақылы бар жігіт дедік қой. Қайта қосымша уақытта Испания екі гол соғып, келесі айналымға жолдама алды. Хорватияның таразы басын теңестірген соң «желі» шығып кетті. Қайта кеуде керуге қайрат табылмады. Бірақ көрерменге әдемі спекткаль ұсынып, үлгерді. Футбол спектаклін.

АНГЛИЯ ӘЛДІ ЕКЕН

«Уэмблидегі» Англия-Германия кездесуі кісі қызығатын ойын еді. Әсіресе «неміс машинасы» деп таудай етіп айтатын Йоахим Лев шәкірттерінен көп үміт күтті жалпақ жұрт. Франциядан кейін ес жиған Германия шынында да өзіне келгендей көрінген. Лондондағы матчты да ширақ бастады. Жарты сағатқа дейін солардың жеңіске жақын жүргені байқалды. Томас Мюллер ойынды үйлестіруге көп күш жұмсады. Кай Хаверцтің де есеп ашатын мүмкіндігі болды. Робин Госенс көп еңбек сіңірді. Дегенмен алаң иелері әліптің артын бағыпты. Үзілістен кейін шабуылды үдетіп жіберіп, Рақым Стерлинг секілді серкесі гол соқты. Жітпіктей жігіт шалт қимылымен бір-екі қорғаушыны бұйым көрмейтіні өз алдына, аяғындағы добын әріптестеріне ұсынғанда да қолмен қойғандай етіп береді. Әлгі гол соғылатын кезде де ортадан ойқастып шығып, сол жақтан көмекке ұмтылған Джек Грилишке пас берді де, ол Мануэль Нойер айып алаңына қайта бағыттағанда доп қасынан табылды. Қандай жылдам, ия! Сәлден кейін Харри Кэйн мергендігімен танылды. Рас, Томас Мюллердің таразы басын теңестірер сәті туды. Германияның бас мергені ағылшын қақпашысы Джордан Пикфордпен бетпе-бет шыққан. Алайда сүрініп кетті ме, ұрымтал тұстан қисық тепті. Англия жарысты жалғастырады. Германия Франция мен Португалияның соңынан салды. Үшеуі бір топта ойнап еді ғой.

СЕГІЗДІҢ БІРІ УКРАИНА

Ширек финалға соңғы болып Украина жолдама алды. Андрей Шевченко шәкірттері Швециядан басым түсті. Овертаймда. Глазгода Александр Зинченко нағыз көшбасшы атанды. Өзі де гол соқты. Артем Довбиктің мергендік танытуына да көмектесті. Енді Украина Рим қаласында Англиямен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Матчтан кейін сөз алған бас бапкер Андрей Шевченко, «Жеңістің бізге дәл қазіргі кезде қаншалықты маңызды екенін түсінетін шығарсыздар. Швеция мықты қарсылас. Әрі олар да жақсы ойнады. Біз бірнеше өзгерту енгіздік. Жартылай қорғаушыларға көп салмақ салдық. Олар қорғаушыларға көмектесуі тиіс еді. Әсіресе қос қанаттағы жартылай қорғаушыларды мейілінше төмен түсуге шақырдық. Андрей Ярмоленконың да ойын өрнегін өзгерттік. Қалай қорғанатынын, қай тұстан шабуылға шығатынын түсіндірдік. Допты ұстауға тырыстық. Тез ойнаудың қажеті шамалы еді. Оң қанаттан сол қанатқа ұзатып, сәлден кейін орта тұстағы ойыншылар арқылы қайта көшіріп отыруды тапсырдым. Олар менің сөзімді мұқият тыңдады. Әрі сауатты орындады. Зинченконың голды қалай соққаннын көрдіңіздер ғой. Руслан Малиновский негізгі құрамда болмады. Солай ұйғардық. Тарас Степаненко мен Николай Шапаренкоға таңдау түсті. Енді Англия күтіп отыр. Қандай қарсыласқа тап болғанымызды түсінеміз. Ұғынған сайын жауапкершілік артады. Жауакершілік тиянақты ойнауға шақырады. Демек, біз әлі күресеміз».

Матчтың үздік ойыншысы атанған Александр Зинченко, "Қазір шаттанатын кез! Жанкүйерлер тойласын! Біз қарсы емеспіз! Қуанған да жақсы. Қуандыра алған да одан да ғажап. Жан-жағыма қарап өзімізге риза боламыз. Украинаны ширек финалға алып шықтық. Бұл тіпті де таңғажайып оқиға емес. Еңбектің өтелгені. Рас, топтық кездесуді сәтсіз өткізген секілдіміз. Кемшілік көп болды. Енді, міне ойын түзелді. Ойын түзелген соң нәтиже келді. Ширек финалға да дайынбыз. Қарсыластың осалы болмайды, енді. Англияның да осал тұсы бар шығар".

Ширек финалға жолдама алған сегіз үздік толық анықталды. Енді олар Кубок жолындағы жарысты ширата түсетіні анық.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×