Сараптама: УЕФА – кіріп-шығар есік емес...

04.09.2011, 05:54
Сараптама: УЕФА – кіріп-шығар есік емес...
6 қыркүйек күні футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы келесі жылы өтетін Еуропа біріншілігіне іріктеу турниріндегі кезекті сегізінші матчын өткізеді. Өткен жеті ойынның алтауында біздің құраманың жауырыны жер иіскегенін білесіз. Яғни, Еуро-2012-нің финалдың кезеңіне шығудан үмітіміз үзілгені анық. Ұлттық құраманың осындай нашар нәтижелерінен кейін «өстіп қайта-қайта жеңіле бергенше, АФК-да (Азия футбол конфедерациясы) қала бергеніміз дұрыс еді» дейтіндер де табылып жатыр. Расында да, 2002 жылы сол кезде ҚФФ-ның төрағасы болған атышулы Рахат Әлиев пен оның командасының күш салуымен УЕФА-ға (Еуропа футбол қауымдастықтары одағы) қабылданғалы жеңілістен көз ашпай келе жатқанымыз рас. Осы 9 жылдың ішінде қазақ футболы деңгейінің шырқап өсіп шыға келгені де шамалы. Бірақ «Азияда жүргенде қарсылас біткеннің бәрін жайпап жеңетін едік» деуге ең оптимист жанкүйердің өзінің беті шыдамас. Қазақ футболының қос құрлықтың қайсысында болғаны пайдалырақ екенін сараптап көрелік. Азияға оралудың 5 зияны: 1. Азия футболы Еуропа футболына қарағанда көш кейін қалған. Бұған дәлел іздеп жатудың қажеті жоқ шығар. Сондықтан, футболы әлі даму үстіндегі аймаққа қайтқаннан біз тек ұтыламыз. «Мерседестен» түсіп, «Москвичке» мінген сияқты. Рас, қазақ футболы қазір әлі көп нәрсені жете игеруге тиіс шәкірт іспетті екеніне келісуге болады. Алайда, ақыры үйренуге ден қойған соң, өзімізден бірер саты ғана жоғары ұжымдардан емес, нағыз майталмандардан дәріс алған жөн емес пе? 2. Азияда ортаңқол құрамалар ойнайды. «Баяғы күніміз жақсы еді» дейтін пікірді қолдаушылардың ойынша, УЕФА-ға өту - қазақ футболын 100-150 жылға кейін шегеріп тастапты. Неге? Себебі, «доп тебетін елдердің ұлы мақсаты - әлем чемпионатының финалдық турниріне бару» дейді қазақ футболының Азияға оралуын қалайтын белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы. Рас, Азияда болсақ, әлем біріншілігіне бару мүмкіндігі артады. Бірақ әлем чемпионатына Азиядан барып жатқандардың ахуалы қалай? Осыны неге ескермейміз? 2002 жылы өз жерінде жартылай финалға жеткен кәрістерден басқа кім бар, жүлдеге іліккен? Оның өзіне төрешілердің көп көмегі тиді (1/8 финалдағы Италиямен, 1/4 финалдағы Испаниямен ойынды өз басым әлі ұмытқам жоқ) Әлсізді жеңу арқылы әупірімдеп әлем чемпионатына қатысып, ол жақтан масқара боп қайтқанша, әлдімен ойнап, бел бекіткен әлдеқайда жақсы. Мысалы, кезінде Азияда болған, кейін Ыстамбұлдың солтүстік бөлігінің Еуропада жатқанын себеп етіп, УЕФА-ға ауысқан түріктердің жүріп өткен жолына неге үңілмейміз? Иә, әу баста олар да қиналды, қым-қиғаш ұтылумен болды: Англиядан 0:8, Испаниядан 0:6, Германиядан 2:7, Румыниядан 1:5, Польшадан 0:3 боп талай талқандалғаны футбол жылнамасында сайрап жатыр. Таяқ жемей, тәжірибе болмайды. Мұны кейінгі 15 жылдағы Түркия футболындағы табыстар да дәлелдейді. Сондықтан, әлем чемпионатына баруды армандасақ, жеңілдің асты, ауырдың үстін қиялдамай-ақ қояйықшы. Оның үстіне, Азияда ойнағанына 20 жыл болған Өзбекстанның әлем чемпионатына барғаны қане? 3. Құраманың ойын графигі тұрақты болмайды. Жанкүйерлік өтілі он жылдан асқандар жақсы білсе керек, Азияда ұлттық құрамалар сирек бас қосады. Қазақстан құрамасының жылына бір рет қана жиналғанын да көргенбіз. АФК-ға ауыссақ, ұлттық командамызды «сағыну» жалғаса беруі мүмкін. Ал Еуропада олай емес. Бір жылдағы 4-5 ресми кездесулерді айтпағанда, кем дегенде 2-3 рет жолдастық матчтар да өткізіліп тұрады. Ұлттық құрама жиі бас қоспаса, ойында қандай береке болады? 4. Төрешілер деңгейі аймақтағы футбол деңгейімен шамалас. Кезінде Азияның клубтық турнирлеріне қатысқан командаларымыздың бапкерлері мен ойыншылары, жалпы жанкүйер қауым ұмыта қойған болар, Арабия түбегінен немесе қайдағы бір Камбоджадан келген «керемет» қазылар Семейдің, Алматының, Павлодардың стадиондарында бізге еш түсініксіз, бірақ АФК шенеуніктеріне өте түсінікті шешімдер қабылдап, қанымызды талай ішкен. Әділеттілік іздеп, қанша әбігерге түссек те, Азия футболының тізгінін ұстағандардың тырп етпегені де есте. Ал УЕФА-да қазылар деңгейі де жоғары, әділеттілікті де мұнда ешкім жетімсіретпейді. 5. Кәсіби мамандар жоқ. «Азия доп тебе алмайды» деуден аулақпыз, бірақ бұл аймақтағы тәуір құрамалардың бәрін еуропалық немесе латынамерикалық мамандар жаттықтырады. Біздің балаларға да не үшін, кім үшін доп тебу керектігін түсіндіретін, футболдың қыр-сырына қанықтыратын кәсіби бапкерлер керек. Өзі қазақ болғанымен, миы орыс мамандардан әрі асып, дүниеге сәл де болса кең көзбен қарауға тырысқан жөн. Қайсар Гаттузоны, әмбебап Пуйольді, асау Роналдоны жеңімпаз болуға ынтықтырған не деп ойлайсыз? Яғни, балалардың ойынға деген құмарлығын Отанға деген қызметпен сабақтастыра алатын мамандар болса ғана түптің-түбінде жақсы нәтижеге жетуге болады. Еуропада қалудың 5 пайдасы: 1. Тәжірибе. УЕФА құрамындағы Германия, Англия секілді ірі футбол державаларымен кездесулер - біздің футболшылар үшін нағыз мастер-класс. Ал Азияда болсақ, қатырғанда Қатармен, мықтағанда Кореямен ойнар едік. Кәрістер қайда, немістер қайда? Өзіңіз шамалай беріңіз. Сондықтан қазіргі ащы жеңілістердің ертең пайдасы болады. Оған еш күмәнданбаңыз. 2. Кәсіби білік. УЕФА құрамында футболы озық елдердің жеңіскер дәстүрлерін, өміршең тактикаларын, жаттығу ерекшеліктерін, доппен жұмыс істеу өнерін үйренуге мүмкіндік көп. Ол үшін ұлттық құрамада орыстың өнерін үйренгісі келген Абай сияқты, от қарулы болғысы келген Ораз-Мұхаммед сияқты қазақ жігіттері көп болса, шіркін! Өзбек Сервер Жепаровтан - испан Серхио Рамостың, жапон Кейсуке Хондадан - итальяндық Андреа Пирлоның кәсіби білігі көш ілгері екені хақ. Яғни, Еуропа футбол мектептері - Азияныкімен салыстырғанда, нағыз академиялық білім. Бұған жаттықтырушылар арасында өтіп тұратын тренинг-семинарларды қосыңыз. Несіп Жүнісбайұлы айтпақшы, «футбол - ақылдағыны аяққа түсіріп ойнайтын өнер». Яғни, кәсіби білігіміз артпайынша, бізден ақылды ойыншы, стратег бапкер шықпайды. 3. Мықты клуб - мықты құрама. УЕФА құрамында болу - ел клубтарына да пайдалы. Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы сияқты жоғары деңгейлі турнирлерге қатысу арқылы командаларымыздың тәжірибесі молаяды, ойыншылардың шеберлігі шыңдалады. «Бунедкормен» немесе «әл-Ахлимен» он рет ойнағаннан «АЗ Алкмаармен» немесе «Вердермен» бір рет ойнаған әлдеқайда артық. Алғаш УЕФА-ға кірген кезде Қазақстан еурокубоктардағы клубтық коэффициенті бойынша тізімнің ең соңында еді, ал қазір қарасаңыз, 53 елдің ішінде 40-орынға көтеріліппіз. Демек, баяу болса да, әйтеуір ілгерілеп келеміз. Ал клубтардың дамығаны - ұлттық құраманың пайдасы. Бізде мықты клубтар пайда болғанда ғана мықты құрама қалыптасады. 4. Сапалы стадион. УЕФА құрамында болу елдегі футбол инфрақұрылымдарын дамытуға да септігін тигізеді. Еурокомиссияның талабы қатал-ақ. Орындамасаң, турнирден бір-ақ ысырыласың. Мойындайтын шығарсыз, АФК заманында батпақты балақтан кешіп жүріп доп тепкен біздің жігіттер қазір Астанадағы, Ақтөбедегі, Алматыдағы сияқты әйбат стадиондарда ойнап жүр. 5. Балалар мен жастар футболына көңіл бөлінеді. Өйткені, УЕФА өз құрамындағы мемлекеттерде балалар футболының жолға қойылуына баса назар аударады. Тәжірибе алмасуға мүмкіндіктер тудырылады. Балаларға арналған жасыл футбол алаңқайлары (тегін!) көбейтіледі. Ал мұның өзі - футболды дамытудың аса қажетті алғышарттарының бірі. Яғни, Алла жазса, жақын болашақта біздің елден де Роберто Баджо, Зинедин Зидан тәрізді ала доп өнерінің классиктері өсіп шығуы әбден мүмкін. P.S. Асай-мүсейімізді арқалап ежелгі мекеніміз - АФК-ға қайтқанмен құшақ жая қарсы алатын олар жоқ секілді. 2002 жылы ат құйрығын кесіскелі, Азия футбол конфедерациясының бізге аздап өкпесі де жоқ емес. Әрі УЕФА - қалаған кезде кіріп, қалаған кезде шығып кете беретін кинотеатр емес. Сондықтан «Азияға қайта оралсақ» деген әңгіме - бір сәттік абырой үшін, яғни, «біздің құрама әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады» деген жалаң үміттің жетегінде туған ой секілді... Ерлан ӘБДІРҰЛЫ. http://jaqsy.kz
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×