"Хартс" клубының бұрынғы қорғаушысы және Литва құрамасының ардагер ойыншысы Саулюс Миколюнас Қазақстандық шабуылшы Ислам Чесноковтың әлеуетіне жоғары баға берді. Қысқы трансфер кезеңінде Чесноков ресми түрде Шотландиялық клубқа қосылатыны белгілі.
Миколюнас ASnews.kz басылымына берген сұхбатында жас форвардтың техникасы мен мінезі Шотландия чемпионатына сай екенін атап өтті.
"Исламда батылдық бар. Ол жақсы техникаға ие, сол аяғымен өте шебер ойнайды, физикалық тұрғыдан мықты және гол соғуға бейім. Мұндай қасиеттер кез келген шабуылшыға қажет. Сондықтан оның Шотландияда ойыны жүретініне сенімдімін.” — деді ол.
Бұрынғы қорғаушының айтуынша, Чесноковтың жаңа ортаға бейімделу кезеңі ұзаққа созылмайды:
"Әрине, Шотландия чемпионатының қарқыны мен талаптары жоғары, бірақ Исламның мінезі мен еңбекқорлығы оған көмектеседі. Меніңше, екі-үш апта ішінде толық бейімделіп кетеді.” — деп қосты Миколюнас.