Саят Сариев, «Жетісу» футбол клубының жартылай қорғаушысы: Қазақтың атын аладоптан шығару – арманым!

01.11.2011, 00:28
Саят Сариев, «Жетісу» футбол клубының жартылай қорғаушысы: Қазақтың атын аладоптан шығару – арманым!

Әлем футболында ағайындылар жиі ұшырасқан. Ағасы мен інісі екі бөлек командаларда өнер көрсетіп, кейде алаңда бір-біріне қарсылас атанып та жатқан. Атақты Брайан мен Микаэль Лаудруптар мен осы күнгі Березуцкилер мен Комбаровтарды жанкүйер жұрттың барлығы тегіс біледі. Ал енді Кевин-Принс пен Жером Боатенг, сондай-ақ ағайынды Харгривздер туған ағайындар болғанымен, тіпті екі бөлек ұлттық құрамада ойнаған.

Қазақ футболында жаңадан пайда болған екі есім бар. Ол елімізді сыртта танытып жүрген шабуылшы Рауан Сариев болса, екіншісі елімізде жүрген – Саят Сариев. Ағайынды аяқдопшылардың екеуі де ел футболының болашағына баланып отыр. «Жетісу» жартылайқорғаушысымен болған сұқбатымыз оқырман қауымның үлкен қызығушылығына бөленеді деген ойдамыз.

-     Саят, ең алдымен өзіңнің футболға келген алғашқы жылдарыңды көпшілік қауымға таныстыра кетсең?

-         Мен өзім Бақтыбай ауылында өстім. Бала кезімнен бастап футболга қызықтым. Алғашқы бапкерім ретінде әкемді айтуға болады. Ол кісі де осы өнерге жақын адамдардың бірі. Ал кейіннен Балпық би ауылына көшіп, мен сонда футболмен біржорлата айналыса бастадым. Онда Ахмедсайд Салимұлы деген жаттықтырушының қол астында тәрбие алдық.  Біз Рауан екеуміз 10 жасымыздан бастап осы жаттықтырушымен 5 жылдай уақыт жаттықтық. Сосын мен «Жетісу» командасына ауыстым.

-         Рауан екеуің жасөспірімдер деңгейінде қандай жетістіктерге жеттіңіздер?

-    Біз Рауан екеуміз бірге ойнаған Халықаралық жарыста 3-орын алдық. Талдықорған чемпионатында 3-рет 1-орыннан көріндік. Одан өзге де жеткен жетістіктеріміз жетерлік. Ең бастысы біз жаттықтырушылардан көп нәрсе үйрендік.

-         Сол кезден бастап жартылайқорғаныста ойнап келесің ба?

-   Жоқ жас кезімде, футбол әліппесін енді ашып жүргенде мен шабуылшы болатынмын. Енді білесіздер, гол ұрған әркімге де ұнайды ғой. Гол соғып жанкүйерлерді қуантып, командаңды алға сүйрегенге не жетсін?! Кейіннен 1-лигада өнер көрсетіп жүргенде жартылай қорғаныстың оң қапталында ойнай бастадым. Міне, содан бері мен алаңдағы осы орныма нық бекіп алдым.

-         Үлкен футболға аяқ басқаннан кейін алғашқы матчыңды мәңгілік есте сақтап қалған боларсың?

-         Иә, алғашқы ойынды ешқашан ұмытпастай болады екенсің. Оның өзінің бір ырым-жырымдары бар ғой. 2010-жылы «Оқжетпеске» қарсы кездесуде алаңға шықтым. Сосын бас бапкер болып Асқар Қожабергенов келісімен мен негізгі құрамда жиі пайда бола бастадым. Тұрақты алаңға шығып, ойын тәжірибемді жақсартысымен өзіме деген сенімділік пайда болды. Жаттықтырушылардың сенімінен шығып, осы күндері «Жетісудың» негізгі ойыншыларының біріне айналдым.

-    «Жетісудың» биылғы көрсеткен нәтижесіне көпшілік жанкүйерлер таңданысуда. Мұндай бәсекелестіктің ортасынан команданың жоғарғы орыннан көрінгендігінің себебі неде деп ойлайсың?

-   Оның алып бара жатқан құпиясы жоқ. Біздің ұжым ұйымшыл, жақсы жаттықтырушылар мен бапкерлермен қамтамасыз етілген. Ойыншылар құрамы да кілең тәжірибелі аяқдопшылардан құралған. Әр ойынға ерекше көңіл-күймен шығып, тек қана жеңіске ұмтылдық. Менің ойымша біздің ұжымның биылғы маусымда керемет нәтиже көрсетіп, жанкүйер көзайымына айналуының басты себебі осында деп түсінемін.

-         Бас бапкердің де команданың жалпы нәтижесіне қосар үлесі жоғары ғой. Сенің ойыңша Асқар Қожабергеновтың үлес салмағы қандай.

-         Команданың негізгі тетігін ұстап, сол ұжымға жауап беретін бас бапкер екендігі белгілі. Ертең қандай нәтиже көрсетсек те, ең алдымен сол нәтижеге жауапты болатын да бас бапкер. Асқар Қожабергенов жаттығуда қатал, өз орнын білетін кісі. Өзінің талабын орындата алатын жаттықтырушы. Ал адамгершілігі жағынан алып қарайтын болсақ, ол кісі алаңның сыртында да өте әділ.

-   Соңғы жылдары ел футболында талантты жас жігіттер пайда бола бастады. Солардың ішінде өзіңнің де алар орның бар. Қатарластарыңнан қандай айырмашылығың бар?

-     Өзімді өзгелерден артық санаған емеспін. Мен алаңда елдің істегенін істеп жүрмін. Әзірге өзімнің қандай деңгейдің ойыншысы екенімді айта алмаймын. Әлі жаспыз, мүмкін алдағы уақытта көре жатармыз. Ал команда ішінде менен бұрын керемет жетістіктерге жетіп, өздерінің ойынымен тәнті етіп жүрген бірнеше аяқдопшылар бар. Мысалы, Айдар Күмісбеков, Виктор Ковалев, Серікжан Мұжықов секілді ойыншылардан менің үйренерім көп.

-         Сенің ойыңша биылғы премьер-лиганың үздік ойыншысы кім?

-         Ұлықбек Бақаев.

-         Үздік легионер ше?

-         Милош Михайлов.

-         Ел футболының дамуына қандай дүние істелгенін қалар едің?

-         Негізі біздің футболдағы басшылар кішкене жастар футболына көңіл бөлсе екен деймін. Бұрынғыға қарағанда қазіргі жастардың жағдайы жақсы. Десе де, әлі атқарылатын шаруа қыруар. Спорт кешендерін жақсартып, жасыл алаңдарды көбірек сала берсек – ел футболы дамитын шығар.

-         Футболдағы арманың қандай?

-    Еуропадағы мықты бір чемпионатта өнер көрсету. Қазақтың атын аяқдоптан шығару.

-         Әңгімеңе рахмет!

Әңгімелескен Ермұхамед МӘУЛЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×