Алғашқы жұп Нидерланды – Аргентина. Ширек финалдың алғашқы ойынында қос қарсыластың мүмкіндігі расымен де бірдей. Нидерланды ұжымы атақты бапкер Луй Ван Гаалға сенім артып отыр. Тактиканың майын ішіп, жілігін шағатын бапкер Аргентинаға қарсы өзгеше амал ойлап табуы ғажап емес. Нидерланды құрамасы осы Әлем чемпионаты басталғалы бері жеңіліп көрген жоқ. Қарсыласының барлығынан басым түсіп жатыр. Алайда, «қызғалдақтар елінің» құрамасына әзірге азулы қарсылас тап болмады. Нақтырақ айтар болсақ, Сенегал, Эквадор, Катар және АҚШ. Міне, осындай осал командаларды жеңіп келді. Байқасаңыздар ішінде бірде-бір еуропалық команда болмаған. Ал Аргентина тіпті, Сауд Арабиясы құрамасына жеңіліп қалып, топтан әзер шықты. Леонель Скалони баптайтын команда Мексика мен Польшаны жеңіп, плэй-оффқа шықты. Бұл кезеңде Месси бастаған команда ең әлсіз командаға тап болды. Десе де, Аустралия құрамасын «альбиселесте» 2:1 есебімен әзер жеңді. Енді міне, нағыз шебер командаға тап болып отыр. Нидерланды құрамасы 1/8 финалда АҚШты 3:1 жеңді. Аса қатты қиналмай, оңай жеңді. Еуропалық команда қағаз жүзінде мықты болғанымен, Леонель Месси факторы қатты әсер етуі ықтимал. Ойын терезесі тең өтері айдан анық.
Екінші жұпта Хорватия мен Бразилия ойнайды. Бұл тұста фаворит белгілі. «Селесао» командасы ширек финалға еш қиналмай жетті. Қарсыластарын жапырып жеңген Тите шәкірттері Оңтүстік Кореяның саутамдығын қалдырмай ұтты. Хорватияны да жұғын көрмеуі мүмкін. Неймар мен Ришарлисон шақпақ жейделілерді жеңеді деген болжам айтқымыз келеді.
Үшінші жұп Португалия Марокко арасындағы ойын. Португалия сәл де болса шебер команда екенін байқадық. Швейцария секілді еуропаның ортаңқол командасын аямай жеңді. 6 гол салып, қарсыластарының салысын суға кетірді. Матч бойына 900 пас беріп, допты айналдырып жүре беретін Испаниямен салыстырғанда Португалия шабуылдайтын команда. Сондықтан да, Марокконың мүмкіндігі аз. Африкалық команданың жалғыз үміті қақпаға гол жібермей, қорғанысқа қамалып жату. Бірақ, Бруно Фернандеш бастаған сайыпқырандар гол салып тынатын секілді.
Франция мен Англия арасындағы ойын финалға дейінгі финал деп аталып жүр. Екеуі де рейтинг бойынша мықты командалар. Англия биыл тәжірибиесі толысқан командаға ұқсайды. Ал Франция о бастан мықты. Олар Әлем чемпионы екенін естен шығармауымыз керек. Бұл ойынның жеңімпазы Португалиямен кездесетінін ескерсек, Франция немесе Англия екеуінің біреуі финалда ойнап қалуы ықтимал. Осы жұптың жеңімпазы фавориттің біріне айналады.
Біздің серіктес: FONBET