14.05.2013 Алматыдағы республикалық спорт колледжде шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында белгілі жазушы, қарымды қаламгер, Қазақстан спорт журналистикасының көшбасшысы Сейдахмет Бердіқұловты еске түсіруге арналған дәстүрлі турнир өтті. 18 жыл бойы үздіксіз өтіп келе жатқан жарысқа бұл жолы 12 команда қатысты. Оны республикалық Спорт істері және дене шынықтыру агенттігі ұйымдастырды. Аталмыш агенттіктің жауапты қызметкері Ардақ Тоғымов әр команданың тек өз қызметкерлерінен ғана жасақталып, алаңға сырттан келген ойыншылардың шықпауын жіті қадағалады. Жарыс екі күнге созылды. Алғашқы күні топтық турнир ұйымдастырылды. Бірден айта кетейік, әр матч өте тартысты өтіп, ойыншылардың барлығы жасыл алаңда өз шеберліктерін паш етуге тырысты. Сондай шиеленісті бәсекелердің нәтижесінде плей-офф сайысына жолдама алған 12 команда белгілі болды. Келесі күні жүлделі орындар үшін талас басталды. Жартылай финалда сүрінген «Хабар» мен «Қазақстан» арнасының өкілдері үшінші орын үшін таласты. Белгіленген уақыт барысында жеңімпаздар анықталмағандықтан, пенальтиге жүгінуге тура келді. Бұл ретте «Хабардың» жігіттері мергендік танытып, қола медальді мойындарына ілді. Бас жүлде үшін бәсеке «Заң» газеті мен «Алматы» арнасы қызметкерлерінің арасында өрбіді. Бұл нағыз «жан алысып, жан беріскен» айқас болды. Ұзақ уақыт бойы қос команда бір-бірін ала алмады. Десек те, бәсеке тағдырын соңғы минуттарда соғылған бір ғана гол шешті. Сөйтіп, бас жүлде «Заң» газетінің ұжымына бұйырды. |
Біздің серіктес: FONBET