Celtsarehere.com басылымы ЧЛ плей-офф кезеңіндегі «Селтик» - «Қайрат» теке-тіресіне тоқталды.
Командалар алдымен 21-тамызда Глазгода жолығады. Жауапты матч 26-тамызда Алматыда болады.
«Бұл қос клуб тарихындағы алғашқы ресми кездесу. «Селтикті» алда 7 мың мильге жуық алыс сапар күтіп тұр. Футболшылар Іле Алатауының етегінде орналасқан Алматыға қонаққа барады. Бірақ бұл сынақтың тек басы ғана. Орталық стадион сыйымдылығы 24 мыңға жуық. Жанкүйердің қысымы мен қайнаған атмосферасы қарсыластардың зәресін ұшыратын алаң. Жауапты матч Алматыда, шамамен +30°C ыстықта өтеді деп болжануда. Биыл «Қайрат» Чемпиондар Лигасындағы өз алаңындағы барлық үш кездесуін аншлагпен өткізді. Орталық стадионда қызу қолдау әдеттегіден де жоғары болады. Сондықтан, шотландиялықтар бірінші ойында-ақ «Селтик Парк» алаңында мәселені шешіп тастауға ұмтылуы тиіс», - делінген шотландиялық басылымның материалында.
Кеше алматылық клуб қос ойын қортындысында словакиялық «Слованнан» айласын асырып, шешуші раундқа жолдама алды.