Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі «Селтик» - «Қайрат» матчына санаулы күн ғана қалды. Осы орайда қарсыласымыз жайлы ақпаратты ұсынғанды жөн көрдік.
Сөзсіз бұл жұптағы басты фаворит – «Селтик». Неге? Біріншіден, Шотландия чемпиондары өз тарихында үш мәрте «Астана» (2 рет) және «Шахтерден» басым түскен. Екіншіден, «Селтик» 2024 жылы ұзақ жылдардан кейін Чемпиондар лигасының топтық кезеңінен ары өтті. Брендан Роджерс баптайтын футболшылардың әлеуеті өте жоғары. Сондықтан да болар, олар былтыр Шотландия чемпионатын 17 ұпай басымдығымен жеңіп алды. Үшіншіден, футболшылардың құнында едәуір айырмашылық бар. «Селтик» футболшыларының жалпы құнын есептесек, ол 131 миллион еуроға бағаланады («Қайрат» - 12,8 миллион еуро). Ең қымбат ойыншы - жапон шабуылшысы Дайдзэн Маэда. Оның трансферлік құны 15 миллион еуро. Одан сәл төмен бағаланғандар: америкалық қорғаушы Кэмерон Картер-Викерс (14 миллион еуро) және жапон жартылай қорғаушысы Рэо Хататэ (13 миллион еуро).
«Селтик» - еурокубоктардың негізгі кезеңдерінің тұрақты қатысушысы. Сондықтан УЕФА клубтық рейтингінде 57-орында тұр. Бұл көрсеткішпен ол «Астананы» (121-орын) және «Қайратты» (244-орын) айқын артта қалдырады. Команда 1995 жылдан бері халықаралық жарыстарды жібермеген.
Былтыр қалай ойнады?
Өткен жылы Брендан Роджерстің шәкірттері Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде өз алаңында «Слованды» 5:1 есебімен ұтты, «РБ Лейпцигті» 3:1 жеңді және «Янг Бойздан» 1:0 есебімен басым түсті. Сондай-ақ «Брюггемен» (1:1) тең ойнады. Осы нәтижелер командаға Чемпиондар Лигасының 1/16 финалына шығуға мүмкіндік берді. Бірақ қос ойын қорытындысы бойынша, «Бавария» (3:2) келесі кезеңге өтті.
Қазіргі бабы қандай?
Шотландия чемпионаты тамыз айының басында ғана тұсауы кесілсе де, «Селтик» жолдастық ойындарды қоса есептегенде шілдеден бері 10 матч өткізіп үлгерген («Қайрат» - 10 ойын). Сондықтан физикалық басымдық бойынша алматылықтарды фаворит деп айтуға келмейді. Ел біріншілігінде 2 жеңіс тіркесе, Шотландия кубогында «Фолкиркті» 4:1 есебімен ұтты. Букмекерлердің бағасына назар аударсақ, алаң иелері еш қиындықсыз жеңеді деп бағалайды. Себебі, «Селтик» 2025 жылы өз алаңында тек «Рейнджерс» (2:3) және Чемпиондар лигасында «Баварияға» (1:2) ғана есе жіберді. Құрам жағынан да айтарлықтай мықты. Бас бапкер Брендан Роджерс 10 жылдай уақыт бұрын «Ливерпульмен» Премьер-лиганың күміс жүлдесін алған. Қақпа бағанасына «Лестермен» тарихи чемпиондықты жеңген Каспер Шмейхельге сенім артылған. Ол әзірше 2 матчта гол жібермей келеді. Қорғаныс шебінде Киран Тирни «Арсеналдан» ауысып келді. Алғашқы 2 ойында 2 нәтижелі пас беріп, матчтың үздік футболшыларының қатарына енді. Алдыңғы шепте өткен маусымда Шотландия чемпионатының үздік сұрмергені атанған (16 гол) Дайдзэн Маэдадан қауіп күтуге болады.
«Қайрат» Шотландия ұжымымен бірінші рет кездесе ме?
«Қайрат» Шотландияның басқа клубымен де кездескен. 2015/16 маусымындағы Еуропа Лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Абердинмен» күш сынасты. Алматылықтар бастапқыда өз алаңында 2:1 есебімен жеңіске жетті. Қарымта матчта сырт алаңда 1:1 есебімен тең түсті. Нәтижесінде шотландиялық команданы еурокубоктан шеттетіп, келесі кезеңге шықты.