Чемпиондар мен Еуропа Лигасынан кейін басты назарымызды, кәрі құрлықтың ішкі біріншіліктеріне саламыз. "Манчестер Сити"-"Барселона", "Ювентус"-"Боруссия Д" секілді супер-матчтардан кем түспейтін кездесулерді, топ-чемпионаттардың бәрі де жанкүйер қауымына сыйға тартпақ. Демалыстағы Еуропаның басты ойыны, көктемнің бірінші күні "әнші" "Энфилд" стадионында болса, Италияда чемпиондықтан үмітті "қасқырлар", көшбасшы "кәрі сеньораны" қабылдайды. "Аладоп" сайты, әдеттегідей кездесу алдындағы сараптамалық-шолуын жасамақ.
"Ливерпуль"-"Манчестер Сити".
"Энфилд" стадионы. 1-ші наурыз. 18:00
Өткен турда қонақта "Саутгемптонды" 2:0 есебімен жеңіп, "қызылдар" Чемпиондар Лигасына жолдама берер 4-ші орынға екі ұпай көлемінде жақындаған еді. "Манчестер Ситиге" қарсы ойынның қаншалықты маңызды екенін, Брендан Роджерстың "Бешикташпен" болған қарымта кездесуде, алаңға негізгі футболшылардың екі-үшеуін шығармағанынан аңғару қиын емес. Еуропа Лигасынан гөрі, "Ливерпульге" келесі жылы Чемпиондар Лигасында өнер көрсету маңыздырақ.
"Қалалықтар" апта ортасында, кезекті "Барсаға" жеңілгеннен кейін, жанкүйерлер алдында масқараны жуып-шаюға тырысады. Дегенмен, Премьер-Лигада екі жарым айдан бері жеңілістің ащы дәмін татпаған "Ливерпульді", оның үстіне "Энфилдта" жеңуі қиынның қиыны. Түркиядағы "Ливерпульдің" ойыны мен нәтижесі "қызылдар" жайлы жаңсақ пікір туғызуға міндетті емес. Ол ойын Балотелли мен Старриджді бірінші минуттардан алаңға шығарсам, жартылай қорғанысқа Джо Аллен-Джордан Айб-Эмре Джан үштігін қойсам қалай болады екен деген секілді, Брендан Роджерс тарапынан экспериментке толы болған еді. Еуропа Лигасы мен Ағылшын Премьер-Лигасы "Ливерпуль" үшін екі әлем.
"Боруссия Д"-"Шальке"
"Сигнал Идуна Парк" стадионы. 28-ші ақпан. 19:30
Ал, Бундеслигасының көркін қыздырар кездесу, меніңше әлемдегі ең тамаша стадион "Сигнал Идуна Паркте" өтетін болады. Егер де, осы матчты екі апта бұрын өткізгенде, фаворит сөзсіз "Шальке" болар еді. Мейлі, қонақта ойнаса да. Ол кезде Ди Матео баптайтын команда ізбе-із жеңіп, "Бавариямен" қонақта тең түсіп үшінші орынға таластағы негізгі фаворит болатын.
Ал, одан кейін бәр өзгерді. "Шальке", әуелі "Айнтрахта" есе жіберді, күтілгендей "Реалдың" алдында қарсылықсыз тізе бүкті, өткен апта "Вердерге" қарсы ойында қолда тұрған жеңісті жіберіп алды. Керісінше, дортмундықтар өз ойынын тапты, өз-өзіңе келе бастады, қатарынан үш рет жеңді. Иә, Туринде Италия чемпиондарына қарсы айла таба алмады. Дегенмен, плей-офф кезеңіндегі қонақтағы 1:2 есеп тең нәтижемен пара-пара екенін жақсы білеміз.
Әрине, матчтың фаворитін айқындау қиын. Статистикаға сүйенсек, "Шальке" өз алаңынан гөрі, қонақта "Боруссиямен" сәтті ойнайды екен. Дерби тосын сыйымен ерекше. Бір команданың ірі жеңісін көре қоймаспыз, дегенмен көп тәртіп бұзуды, алаңнан қуылуды да көруіміз бек мүмкін.
"Севилья"-"Атлетико"
"Роман Санчес Писхуан" стадионы. 1-ші наурыз. 00:00
Ал, Испан Премьерасының орталық ойынын "Севилья"-"Атлетико" арасындағы текетірес деп танығанымыз дұрыс болар. Иә, Мадридте "Вильяреал" мен "Реал Мадрид" те кездеседі. Дегенмен, ол ойын "Сантьяго Бернабеуде" өтетіндіктен кімнің жеңетіні түсінікті де секілді.
"Атлетико" өз алаңында "корольдік" клубты тас-талқан еткеннен кейін, бірде-бір матча ондай ойын көрсете алған жоқ. Апта ортасында Германияға барып, жеңіліп қайтты. Қысқасы, дербидегі жеңісті әлі тойлауда. "Матрасниктер" әлемде алпауыт командалардан басқа да, чемпион боламын десең жеңуіне міндетті ұжымдар бар екенін ұмытқан секілді. Команданы әрбір ойынға қайрайтын Симоненің қасиеті де ақсаңдап тұр.
"Севилья" Еуропа Лигасының 18 финалына шығып, жанкүйерлерін бір қуантты. Ал, ішкі біріншілікте андалуссиялықтардың көздегені төртінші орын. Өткен жексенбіде қонақта "Реал Сосьедадтан" жеңіліп, "Валенсияны" төрт ұпай көлемінде ұзатып алған болатын.
Бұл кездесу екі команда үшін өте маңызды. Тең нәтиже де қажет емес, жеңіс қажет. Біріне,Чемпиондар Лигасының орнына таласу үшін, екіншісіне чемпиондыққа таласу үшін. "Атлетико" жеңілсе алтыннан үміт үзсе де болады, себебі "Барса" мен "Реалдың" енді сүрінуі екіталай. Алаң иелері тізе бүксе, "Валенсиямен" бәсекеге түсуі қиын. Оның үстіне өкшелеп келе жатқан "Вильяреал" бар. Негізі, "Севилья" бұл маусымда өз алаңында жеңілмепті. Олардың қаншалықты мықты екенін Мадридтен келген қонақтар тексеріп көрмек. Бұндай маңызды кездесулерге, Симоне жігіттерінің өміріңдегі ең соңғы матчты ойнағалы жатқандай ерекше ішкі дайындықпен шығатынын білеміз ғой.
"Монако"-"ПСЖ"
"Луи II" стадионы. 1-ші наурыз. 02:00
Украиналық "Шахтердің" өз алаңында Гвардиола командасының шабуыл өтін тұсап, тең ойнағананың сенсация ма деп жүрсек, нағыз сенсацияның көкесін апта ортасында Лондонның төрінде, "Эмирейтстың" алаңында, 90000 жанкүйердің алдында көрсетіп берді. Кім ойлады, "Арсеналды" өз алаңында жеңіледі деп? Иә, "Монако" гол өткізбес деген болжамдар болды, бірақ 1:3 есебі теркеледі деп.. Білмедім.
Команданың құпиясы неде? Қытай қорғанынан да бекем қорғанысы, міндетті түрде голмен ақтауға тырысатын қарсы шабуылдары. Екінші "Атлетико" десем қате айтпаспын. Алаңда кез келген футболшысы өз ісіңе жауапты, тіпті қосалқы құрамда отырған футболшылардың өзі ойша алаңда деп теуіп отырады. Сондықтан, тыңнан қосылған ойыншылар бірден алаңдағы жағдайға сіңісіп кетеді. Әрбір шабуылына ұқыптылықпен қарайды, алпауыт клубтардай минут сайын шабуыл жасай алмаймыз, сондықтан әрбір мүмкіндік, біз үшін берілген соңғы мүмкіндік деп қарайды. Білесіз бе, сәрсенбі күні алаңға шыққан "Монако"-негізгі құрамының жартысы! Тіпті Алмами Туре есімді 18 жасар қорғаушы команда сапында бірінші рет алғашқы минуттардан алаңға шықты. Тағы бір таңғалар жәйт, "Монако" ішкі біріншілікте желтоқсанның басынан(!!!) бері гол өткізбепті.
"ПСЖ"-ның әл-ауқатын білеміз. Дегенмен, нәтижеде тұрақтылық жоқ. Маусым басында-ақ ойша чемпион болып қойған команда, "Марсель" мен "Лион" тарапынан айтарлықтай қарсылыққа тап болды. Екеуі алтынды оңай бермесі анық. Егер де, солардың көшінен қалмаймын десе, жексенбі күні қонақта "Монаконы" міндетті түрде жеңуі тиіс.
Әйткенмен, жеңу түгіл, "Монако" сапына гол салу қиынның қиыны, азаптың азабы. "Арсенал" футболшыларынан сұрасаңыз, айтып береді. Сондықтан бұл ойында тең нәтиженің тіркелуі ғажап емес.
"Рома"-"Ювентус"
"Олимпико" стадионы. 2-ші наурыз. 01:45
Римнің императоры Италияның императорын қабылдайтын болады. Өзіңдік императорлар шайқасы. Негізі, бүгінгі таңда Италия командаларын үшке бөлуге болады. "Ювентус"(алтынға өз-өзімен таласатын), екі жылдан бері екінші орында қатып тұрған "Рома"(я жоғары көтерілмейді, я төмен түспейді), және қалғандары.
Италияда "Ювентустың" патшалығына тосқауыл қойып, тақтан үміті болса, бұл "Ромаға" берілген ең соңғы мүмкіндік. Екі ұжымның арасы 9 ұпай. Тең нәтиже, немесе "Ювентус" жеңсе кезекті рет чемпион атағымен ресми түрде құттықтай берсе де болады. Әйткенмен, бірінші айналымда 2:3 есебімен жеңілген "қасқырлар", жанкүйерлер алдында кек алуға тырысады. Мейлі, қалған уақытта кәрі сеньораны қуып жете алмаса да, жеке кездесудегі жеңіс "Рома" үшін аз да болсың жұбаныш болмақ.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ