Сергей Клещенко: «Қазақстанның қаншалықты мықты немесе әлсіз екенін ертеңгі ойын көрсетеді»

23.03.2022, 22:40
Бұл бапкер ертең Молдова құрамасындағы дебюттік ойынын өткізеді.
Сергей Клещенко: «Қазақстанның қаншалықты мықты немесе әлсіз екенін ертеңгі ойын көрсетеді»

Молдова құрамасының бас бапкері Сергей Клещенко Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Қазақстанға қарсы өтетін матч жайлы пікір білдірді.

– 19-ы күні оқу-жаттығу жиынын бастадық. Екі-үш күннің ішінде бүкіл ойыншылар командаға қосылды. Кеше біз алғашқы толық жаттығуымызды өткіздік. Барлық ойыншылардың дені сау, матчқа дайын. Жаттықтырушылар құрамы мен футболшылар бұл ойынның жауапкершілігі мен маңыздылығын түсінеді. Біз келесі маусымда С лигасында ойнау үшін оң нәтижеге қол жеткізгіміз келеді және футбол қауымының, жанкүйерлеріміздің көңілін қалдырмау үшін бар күшімізді саламыз.

– Айтыңызшы, Молдова құрамасының жаттықтырушылар штабы қарсыластың қыр-сырын біле ме? Сіз қарсыласты қаншалықты жақсы талдадыңыз және Қазақстан құрамасының күшті жақтары қандай?

– Әрине, қарсыластың қыр-сырын білеміз десек, күлкілі болар еді. Өйткені жаттықтырушының ауысуына байланысты барлық өзгерістерді болжау қиын. Жаңа бапкер, жаңа көзқарас. Мүмкін ойын философиясы, стратегия мен тактика да өзгерген шығар. Күшті жақтарына келетін болсақ, олардың бір артықшылығы – ойыншылары бір-бірін жақсы біледі, өзара түсіністік қалыптасқан, бірақ ерекше бір нәрсе бар деп айтқым келмейді. Олар жай ғана ұйымшыл, жақсы ұжым. Жаман да емес және жақсы да емес. Қарсыласымыздың қаншалықты мықты немесе әлсіз екенін ертеңгі ойын көрсетеді. Біз жақсылап дайындалып жатырмыз және мен үшін қарсыласты мұқият талдаудан гөрі командамның жағдайы маңызды. Шынымды айтсам, біз Instat-тағы серіктестеріміз арқылы да көп ақпарат алдық. Команда да қарсылас туралы көп ақпарат алды, бірақ біз бәрібір өзіміздің ең жақсы қасиеттерімізді көрсетуге тырысамыз.

- Сергей Викторович, ертең ұлттық құрама тізгінінде дебют жасайсыз. Сіз үшін бұл сәттің белгілі бір мәні бар және сіз алаңдаулысыз ба?

– Әрине, алаңдаймын. Мен футболшылар секілді матчқа дейін уайымдаймын. Бірақ ойын басталған кезде мұның бәрі артта қалады.

– Ертең қандай футбол ойнайсыздар, шабуылда ма, әлде қорғаныста ма?

– Өздеріңіз түсінгендей, біз өз жарты алаңымызға жатып алмаймыз. Өйткені олардың қалай ойнайтынын елестету қиын. Айттым ғой, жаңа бапкер келді, ол өз философиясымен, жаңа тактикамен ойнады. Біз нәтиже үшін өнер көрсетеміз деп ойлаймын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×