Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Әли Әлиев кешегі ойынға баға берді. Ол команда шабуылшыларының белсенділігін атап өтіп, бірақ неліктен гол соғылмағанын түсіне алмай отырғанын айтты.
"Шынын айтсам, мұндай ойыннан кейін сөйлесу өте ауыр. Бәріміз эмоциядан шаршадық. Ойынның басында сәл бастаманы қарсыласқа бердік. Жігіттер дұрыс қорғанды. Кейін бірінші таймның ортасына қарай түзетулер жасадық. Шындығында, бірінші таймда Уэльстің өткір сәттері көп болған жоқ, бізге тек шыдау керек болды.
Ал екінші таймда өз жоспармызға көштік – жасанды алаң, жанкүйерлердің қолдауы, қарсыластың шаршауы соның бәрін ескердік. Сол кезде біздің балалар “форсажды” қосып, өз ойынымызды көрсете бастады. Өкінішке қарай, бүгін де, Солтүстік Македониямен ойындағыдай, сәттілік бізден теріс айналды. Бірақ еңбекпен, табандылықпен бәрі орнына келеді. Ойыншыларға алғыс айттық. Ең бастысы олар ел үшін, жанкүйерлер үшін жанын салды. Бірақ тағы да, доп сызықты қиып өтпеді. Екі ойында бес рет баған мен көлденеңге тидік.” – деді Әлиев.
Сонымен қатар, бас бапкер шабуылдағы проблемаларға тоқталды:
“Бапкерлер құрамымен отырып, осыны түсіне алмай отырмыз. Екі ойында бес рет қақпа қаңқасына тигіздік. Доп айып алаңында жүреді, бірақ шешуші соққы жасайтын дұрыс ойыншыны таба алмай жатамыз. Бұл жерде соққы шеберлігі де рөл ойнайды. Мысалы, Ғалымжан Кенжебекті алайық “Елімайда” төрт гол соқты, бірақ бәрі пенальтиден. Ал ойын барысын талдасақ, гол соғатын мүмкіндіктері өте көп болды. Демек, осы бағытта әлі көп жұмыс істеу қажет.
Біздің шабуыл шебі тамаша Самородов, Кенжебек, Чесноков, Сәтпаев. Егер жігіттер соңғы соққыны орындауға барынша зейін қойып, табандылықпен еңбектенсе, онда голдар міндетті түрде келеді деп сенемін.” – деді бас бапкер.