Шабуылшының зардабы өтті

16.10.2018, 04:11
Шабуылшының зардабы өтті
Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасы жарысында бірінші орын алып, келесі кезеңге шығу деген мақсатына жете алмайтын болды. Алғашқы үш ойында Станимир Стоиловтың командасы небәрі 2 ғана ұпай еншіледі. 1-тайм Ойын алдында Қазақстан құрамасының ойыншылар тізімі шығысымен Сергей Малыйдың орталық қорғаушы болып, ал Бахтиер Зайнутдиновтың ортада ойнайтынын байқадық. Бұл екі ойыншы негізгі құрамда күнде ойнап жүрген футболшылар емес еді. Екеуінің бірден алаңға шығуының да өзіндік мәні бар. Жасыл алаңда аяқдопшылар бір-бірін жақсы түсінісуі үшін олардың клубтық деңгейде де бір ұжымда ойнағаны құптарлық. Сол секілді Сергей Малый шығысымен біздің қорғанысымыз түгел «Астана» ойыншыларынан құралды. Себебі, оның қасында Абзал Бейсебеков, Евгений Постников, Дмитрий Шомко секілді жігіттер орналасты. Ал жартылай қорғаныс «Қайрат» пен «Астананың» қоспасынан тұрды. Бахтиер Зайнутдиновтың қасында елордалық Роман Мұртазаев, сондай-ақ «Қайратта» ойнайтын Георгий Жуков, Исламбек Қуат, Бауыржан Исламхан болды. Шабуыл шебінде соңғы кездері жанкүйерлер тарапынан сын садағына ілініп жүрген Алексей Щеткин шықты. Матч бірден алма-кезек шабуылдармен бастала ма деген ойымыз іске аспады. Керісінше, екі команда бір-бірін алыстан байқасып, көз сүзісіп жүрді. Тек арагідік алаң иелері алыстан соққы бағыттап отырды. Ал ойынның 17-минутында отандастарымыздың алғашқы шабуылы бірден голға айналды. «Астана» сапында «Ренн» қақпасына баспен гол соққан Зайнутдинов бұл жолы да белсенділігімен көзге түсті. Есепте алға шыққан қазақстандық ойыншылар «Даугава» стадионында өте сенімді қимылдай бастады. Иә, бұл біздің футболшылардың әдеті емес пе? Әрқашан жеңіске жетіп жатқанда одан әрі екіленіп, шабыттана ойнап кететін. Бұл жолы да Бауыржан Исламхан бастаған жартылай қорғаушылар арлы-берлі пастар беріп, қарсыластың басын шыр айналдырды. Ортадағы ойыншылар бірінші таймды өте жақсы өткізіп жатқанының арқасында қапталдағы Жуков пен Мұртазаевтың көп қателіктері білінбей жатты. Жалпы алғанда оң қапталдағы іс-қимылдар көңіл-көншіте қоймады. Жарақатынан айыққан Жуков шынын айтқанда жарақат алып қалған Еркебұлан Тұңғышбаевтың орнына шыққан болатын. Ал оған қарағанда құрамада тәжірибиелі саналатын Абзал Бейсебековтің шабуылға шығуға мұршасы болмай жатты. Кездесудің 40-минутында орталық қорғаушылардың қателігінен қақпамызға гол енді. Бойы ұзын деген Сергей Малый мен Евгений Постниковтар әуедегі допқа талас барысында дәрменсіз қалды. Допқа иелік еткен «Ақжайық» ойыншысы Артур Карашаускас қақпамызға гол соғып кетті. 2-тайм Екінші тайм басталысымен Қазақстан құрамасы допқа көп иелік етіп, қарсыласты айып алаңына тықсыра берді. Бірақ, көп шабуылдардың ешқайсысы нәтиже бермеді. Бас бапкер Стнимир Стоилов шаршаңқы жүрген Зайнутдиновты алып, орнына Еркебұлан Сейдахметті шығарды. Еркош оң қапталдан орын алып, Георгий Жуков өзінің үйреншікті орны ортаға келді. Исламхан-Жуков жұбы кезінде жастар құрамасында керемет үйлесіп еді ғой. Алайда, Жуковтың ортаға ойысқанына он минут болмай, Бауыржан Исламхан жарақат алып, амалсыз алаңдағы орнын босатты. Станимир бапкер Исламханның орнына ойынға Максим Фединді салды. Федин Қазақстан құрамасындағы алғашқы ойынына шығып, «Тобылдағы» позициясы сол қапталдың вингері қызметін атқара жөнелді. Ал ол жерде ойнап жүрген Мұртазаев таза шабуылшыға айналды. Роман да он минуттай ойнаған соң орнын Бауыржан Тұрысбекке босатты. Осының барлығын қарап отырып, көп позицияда тұрақты футболшылар жоқ екенін, ойын барысында бір орында тұрақты ойнайтын футболшылар көп еместігін байқаймыз. Құрамамызда тек қорғаушылар ғана өзгеріссіз ойнады. Қалғаны түгел алаңда орындарын алмастырып шықты. Бас бапкер мақтаулы Стоиловтың білегінен күш кетіп, қолынан қамшысы түсіп қалғандай. Командадағы ойын мәнері де, футболшылардың жасыл алаңда жарқылдап ойнауын да, тіпті көздерінен жалындаған отты да көре алмадық. Есеп 1:1 тең аяқталды. Ұлттар лигасы жарысындағы келесі кезеңге шығамыз деген мақсатымыз әдіре қалды. Себебі, қатар өткен ойында Грузия біз жеңе алмаған Андорраны 3:0 тас-талқан ұтты.   Станимир Стоилов, Қазақстан құрамасының бас бапкері: - Екі команда да жақсы ойнады. Тартысты матч өтті. Бізде бар мүмкіндіктердің біразы голға айналмады. Қақпамызға болмашы гол жіберіп алдық. Ал жалпы футболшылардың көрсеткен өнеріне ризамын. - Алаңға алмасып кірген ойыншылар қарқынды күшейте алды ма? Жалпы олардың ойыны көңіліңізден шықты ма? - Екінші таймда ойыншыларды алмастыруға асықпадым. Өйткені, ойын жақсы өтіп жатты. Бірақ алаңға алмасып кірген ойыншылар ойынды қатты күшейтті дей алмаймын. - Андоррамен болған матчтан кейін де шабуыл шебінде мәселелер көп деп ақталып едіңіз? Енді осы жағдайдан кейін қандай шешім шығарасыз? - Шабуыл шебінде бізде мәселе көп. Әрине, Андорраға стандарттан гол соққанымызда бұлайша сөйлеп отырмас едік. Жалғыз өзгеріс жасауға болады. Ол қазіргі құрамға алынған қосалқы ойыншыларды алмастырып шығару. Одан басқа Қазақстанда мықты шабуылшылар жоқ. Елдегі ең мықты ойыншылар осында жүр. Бұл біздің басты проблемамыз. Андрорраны сенімді түрде жеңуіміз керек болса, бүгін Латвияның мықты қарсылас екенін байқадық. - Турнирлік маңыздылық қалмаса алдағы ойындарда қандай өзгерістер жасауыңыз мүмкін? - Жақын арада команданы жасарта беретінім анық. Алдағы екі үш ойында көп нәрсе өзгерткім келмеді. Жастар құрамасындамаған ұнайтын 3-4 ойыншы бар. Олар жақын арада құрамаға алынады. Ұлттық құраманы дамыту мақсатында керекті ойыншыларды алуға тырысамыз. Грузияның жеңісінен кейін, екі команда да келесі кезеңге өтетін ешқандай мүмкіндік қалмады. Сондықтан да, қалған ойындарда эксперименттік жағдайлар орын алары түсінікті.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»

Латвиядан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×