ШАХТЕР САЛҒАН ДАҢҒЫЛ ЖОЛ...

07.08.2014, 18:20
ШАХТЕР САЛҒАН ДАҢҒЫЛ ЖОЛ...
1Бүгінгі жеткен жетістігімізге тәубе делік, ұлттық құрамамыздың ойыны жүрмегенімен, клубтарымыздың биылғы аяқ алысы жаман емес. Еуропаның бұқаралық ақпарат құралдарын шулатқан «Шахтердің» былтырғы шуы әлі басылар емес. Еуропа төрінде ойқастайтын тағы бір кезегі жақындаған сияқты. Ал «Астана» мен «Ақтөбе» үшін бұл үлкен тарихи серпіліс болды.  Бұған дейін еуромаусымдарды ерте аяқтап, бастапқы ойындарда жолы кесілетін біздікілердің ойынына Еуропа миығынан күлетін. Енді олардың күлкісі жиылып, «Шахтерден» сескене бастады. Олай дейтініміз – Еуропа лигасының екінші және үшінші іріктеу кезеңінде ойын төрешілерінің өзі тәртіпті ойыншыларымызға сары қағаздарын жаудырып, пенальти белгілеп, жанкүйерлердің ашу-ызасын тудырды. Соған қарамастан, алға серпіліп келе жатқан жерлестеріміздің көзсіз ерлігін көріп, үміт оты маздады жанкүйер жүрегінде. Ендеше үшінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойынын назарларыңызға ұсынсақ... «Шахтер» футбол клубы Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінің ойынын өткізді. Біздің футболшылар өз алаңымызда өткен алғашқы матчта Сплит қаласының «Хайдук» командасына төрт доп соғып, қарымта ойынға сенімді түрде жол бастады. Әзірбайжандық төреші ысқырығы естілісімен, Игорь Тудор жаттықтыратын сплиттік «Хайдук» шабуылға бірден лап қойды. Қанша дегенмен, Еуропаның жасыл алаңдарында доп тепкен тәжірибелі ұжым біздің Александр Мокин қорғаған қақпаны алғашқы минуттардан мазалай бастады. Бірақ дегенмен, әлі күнге дейін Еуропа үшін ойын тәсілі құпия болып келе жатқан жаттықтырушы Виктор Кумыковтың арманы алғашқы болып орындалды. Алғашқы он минуттың басында Гедиминас Вичюстың ауттан асырған пасын сәтті пайдаланған шабуылшы Михрет Топчагич есеп ашып, «Шахтерді» алға шығарды. Алғашқы голды жіберіп алған қонақтар қайткенде де есепті теңестіруді ойлап бақты. Өткір шабуылдар ұйымдастырып, ұлттық құрамамыздың қақпашысының зәре-құтын қашырды. Бірақ Мокин сыр бермеді. Тайлы-таяғымен шабуылға мән берген «Хайдук» ойыншылары 20-ыншы минутта таразы басын теңестірді. Жеке шеберлігінің арқасында Сандро Готаль добын қақпада тулатты. Қонақтар салған гол салынбаған сияқты көрінген, алайда Мокин қақпашының алдын жауып алған қорғаушылардың сәтсіздігінен гол кіріп кетті. Бірақ «Шахтер» де жауапсыз қалмады. Араға үш минут салып, тағы бір құпия аутын орындаған Гедиминас Вичюс команда капитаны Андрей Финонченкоға әдемі пас беріп, кезекті голды оның еншісіне жаздырды. Алғашқы тайм 2:1 есебімен аяқталды. Екінші таймда да хорватиялық ұжым доп ұстау басымдығына ие болды. Осы кезеңнен бастап «Шахтер» футболшыларына сары қағаз үлестіріле бастады. Ойынның алғашқы бес минуты өтпей жатып, ойын ережесін бұзды деп Александр Киров әзірбайжан төрешісі тарапынан сары қағаз алды. Араға аз уақыт сала Ян Масло да сары қағаз иеленді. Әзірбайжан төрешісі сондай ақ Мақсат Байжанов, Александр Порываев, Сергей Малый сынды тәртіпті ойыншыларымызға сары қағаз үлестіріп шықты. Бірақ төрешінің кімнің жағында екенін түсінген команда ойынның орта шебінде бұрыштама добын көтеріп, бойы ұзын легионер Алдан Джидич баспен гол соғып, есепті 3:1-ге жеткізді. 77-нші минутта айып соққысынан ұшқан доп Мақсат Байжановтың қолына тиіп, пенальти белгіленді. Александр Мокин доп бағытын тапқанмен, Цакташ мүлт кетпеді. Жанкүйер біткеннің бәрі осы есепті сақтағанша, бір гол соғуды тілеп отырды. Бірақ жерлестеріміз оны да орындап берді. Төреші қосқан қосымша уақытта алаңға қосылған жас пері Тоқтар Жаңғылышбай есепті 4:2-ге жеткізді. Осы кезде Қарағандының орталық стадионында көзіне жас алып, қуанбаған жанкүйер болмады. Қақпасына төрт гол өткізіп алған «Хайдук» енді қарымта ойында есе жібермеуді ойлады. Бірақ оны да алдағы тоқсат минут көрсетер деп ойлаймыз. Әттегенайы сол – тәртіпті ойыншыларымыз алған сары қағаздар үлесі соңғы екі ойында онға жетті. Көп ойыншымыз келесі кезеңде сақтықпен ойнайтын болды. Кезекті ойын соңында екі құраманың жаттықтырушылары баспасөз мәслихатын өткізді. Виктор Кумыков, «Шахтер» командасының жаттықтырушысы: – Бүгінгі ойынды өздеріңіз көрдіңіздер. Жеңіс болғанымен, алдағы қонақта ойын қиын болайын деп тұр. Бұл ойында төреші де әділ қызмет атқара алмады. Пенальти белгіленбеуі керек еді. Мен жүз пайыз қанағаттана алдым деп айта алмаймын. Алдағы ойындар кезекті іріктеу тағдырын шешіп береді. Игорь Тудор, «Хайдук» командасының жаттықтырушысы: – Мен ештеңе дей алмаймын, ойын тағдыры алдағы тоқсан минут еншісінде. Төреші өз міндетін адал атқарды, оған кінә таға алмаймыз. Ал ойыншыларым сіздердің алаңдарыңызға үйренісе алмады ма, мен күткен нәтижені жасай алмады. Ал Милевский туралы әзірше ештеңе айта алмаймын. Ұлан Қонысбаев, «Шахтер» командасының шабуылшысы: – Ойынның әділ өтуі төрешіге байланысты. Бірақ көрдіңіздер, соңғы ойындарда қаншама үздік ойыншымыз сары қағаз алып, сақтана жүріп ойнайтын болып жатыр. Мұның командаға ауыр тиетіні анық. Енді жігіттеріміз «Хайдукпен» болатын қарымта ойында есебімізді жібермей ойнайды деп ойлаймын. Бүгінгі ойынға қанағаттануға болады.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×