«Шахтер» шыңы

09.11.2011, 21:41
«Шахтер» шыңы
Футболдан еліміздің жаңа чемпионы салтанатты түрде қошеметтелді Кезінде Алматының «Қайраты» сынды Қарағандының бұл футбол командасының атағы да алысқа жаңғырған уақыттар ұмытыла қойған жоқ. Кеңестік кеңістіктегі бәсекелестерімен үзеңгі қағыстырып, кей реттерде оза шауып, жұлдызы жарқыраған сәттері де болған. Бүгінде «Шахтер» жасыл алаңға шығып, атой салғанда ескі көз жанкүйерлер соны елестетеді. Кешегіні қойшы, тәуелсіз еліміздің жеке біріншілігінде үш мәрте жүлделі сапқа көтерілгенімен, одан да биікке қауқары да, мүмкіндігі де жеткіліктігіне үміт үзілмей, дара танылуы арман­далушы еді. Әлемдегі осы бір ең сүйікті ойын дегенде ішкен асын жерге қоятын мыңдаған жерлестерінің үміт-сенімін ақыры ақтады. Биылғы біріншіліктің соңғы күніне, тіптен соңғы минуттарына дейін «Жетісудың» не өзінің жеңімпаз болуы таразы басында тұрғандағы қайраттылығы – қазір көпшілік аузындағы сүйсіністі әңгіме. Әуелде басты қарсыласын соның алаңында жеңіп қайтқаннан кейін асу берместей «Астанамен» шешуші айқас тағы тұрды. Футболда бәрі де болады. Бір жағынан мәренің бір ұшығы Талдықорғанда тірескен жетісулықтар мен керекуліктердің ойынына байланыстылығы көңіл алаң­датса, аяқ астынан ақ қар, көк мұзға айналған алаңда барды салып, сынасу жүрек қобалжытқаны команданың бас бапкері Виктор Кумыков ақтық кездесуден соң айтқан сыр. 20-25 мың орындық «Шахтер» стадионында талай ойындарды тамашалағанбыз. Бірақ осы жолы оның лық толып, ине шаншар орынның болмауы көптен бері бірінші көрініс еді. Айқас қызығына беріліп, аязды да, жапалақтап жауған қарды да елемеген қалың жанкүйер футболшылардың шабыттана ойнауына дем берді. «Шахтердің» белді ойыншысы Андрей Финоченко соққан екі доп командасына жеңіс әкелді. – Мен үшін биылғы біріншілік есте қаларлықтай болды. Қазақстан ұлттық құрама командасына қабылдандым. Алда елеулі сындар тұр. Көшбасшылық орынды сақ­тауымыз керек. Мұның сыртында УЕФА аясындағы Чемпиондар лигасының іріктеу ойындарында мықты командалар алдында намысты қолдан бермеуге күш-қабілетімізді аянбау қажет, – деп белгілі футболшы Ұлан Қонысбаев қуанышын ортаға салды. Кеше кеншілердің Мәдениет сарайында еліміздің жаңа чемпионын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Кездесуде облыс әкімі, облыстық футбол феде­рациясының төрағасы Серік Ахметов жанкүйерлер атынан команда мүшелерін тамаша жетістіктерімен құттықтап, өңір, ел футболының мәртебесін биіктете беруге тілек білдірді. Қазақстан Футбол федерациясының вице-президенті Сейділда Байшақов екеуі жаттықтырушылар, ойыншылар мойындарына жібек бауға тағылған алтын медаль ілді. Облыс әкімінен командаға 10 миллион теңге сыйлықтың сертифакаты табыс етілді. Жиналғандар осы заманғы озық үлгідегі, ха­лықаралық талап-талғамға сай стадионның салынатын күні алыс еместігін естіп қоса қуанды. Бір айдан соң «Шахтер» алдағы біріншілікке дайындықты Түркияда бастайды. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×