"Шахтер" "Жетісуды" қуып жетті

27.09.2011, 18:12
"Шахтер" "Жетісуды" қуып жетті

Футболдан Қазақстан чемпионаты аяқталуға таяды. Десек те, кімнің чемпиондық тұғырға көтерілетіні әлі де анықталған жоқ. Күні бүгінге дейін жеке-дара көш бастап келген Талдықорғанның «Жетісуы» қатарынан үшінші рет жеңіліс тапты. Асқар Қожабергеновтің шәкірттері өткен турда «Астана» клубына ұтылды. Бәсеке тағдырын бір ғана гол шешті. 45-минутта Драган Богавацтың әуелетіп берген пасын Нұрбол Жұмасқалиев баспен торға дәл түсірді. Бұған дейін ойын тең дәрежеде өтіп жатқан. Екі жақ та алма-кезек шабуылдар ұйымдастырып, бір-бірінің қорғаныс шебін бұзып өтуге жиі әрекет етті. Бұл тартыста алаң иелерінің бағы жанып, олар 1:0 есебімен алға шықты. Екінші кезеңде де «жан алысып, жан беріскен» айқас жалғасты. Талдықорғандықтар сапынан Сергей Остапенко, Ұлықбек Бақаев және Сергей Скорыхтың есепті теңестіруге мүмкіндіктері болды. Бірақ таразы басын олар теңселте алған жоқ. Матч дәл осы нәтижемен ақталды. «Шахтердің» ойыншылары «Жетісудың» сүрінген сәтін ұтымды пайдаланудың барлық амал-әрекетін жасады. «Ақтөбеге» қарсы кездесуде олар алғашқы болып есеп ашты. Қарағандылықтар қатарынан 49-минутта Василевич мергендік танытты. Алайда алаң иелеріне де ұпай жоғалтпау қажет. Әйтпесе, олардың да жағдайы қиындап кетеді. Соны қаперлеріне мықтап түйген Владимир Мұқановтың шәкірттері бәсекенің аяқталуына 10 минуттай қалғанда таразы басын теңестірді. Есеп - 1:1. Павлодарда «Ертіс» пен «Ордабасы» күш сынасты. Соңғы турларда сәтті ойнап жүрген шымкенттіктер алаң иелерінің тегеурініне төтеп беріп, тең нәтижені сақтап қалды. Бұл кездесуде есеп ашылған жоқ - 0:0. «Атырау» мен «Қайрат» арасындағы тартыста алаң иелері алматылықтар қақпасына жауапсыз үш гол соқты - 3:0. «Тараз» өз жанкүйерлерінің көз алдында «Тобылдан» оңбай ұтылды - 1:3. Ал Қызылордада Өскеменнің «Востогын» қабылдаған «Қайсар» 2:0 есебімен жеңіске жетті. Сонымен, «Жетісу» мен «Шахтер» көш басында үзеңгі қағыстырып қатар келеді. Қос команданың да олжалаған ұпай саны - 32. «Астана» мен «Ақтөбенің» әлі де жарыс кестесіндегі жағдайларын жақсартуға мүмкіндіктері бар. 30 ұпайды еншілеп отырған Елорда футболшыларының чемпиондық атаққа таласуға жақсы мүмкіндігі бар. Ол үшін, әрине, талдықорғандықтар мен қарағандылықтар сүрінуге тиіс. Ақтөбенің ала доп шеберлері 28 ұпайды иеленуде. Турнир кестесінің соңғы жағындағы командаларға келсек, «Қайрат» пен «Востоктың» жағдайлары өте мүшкіл. Заңғар АЛМАС

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×