22.08.2013 19:47 Шалқар ЕСТЕН
Бұған дейін қазақтың бір командасы Шотландияның «Селтигін» ұта алады десеңіз бәрі миығынан күлер еді. Ол мүмкін еместей көрінетін. Бірақ Қарағандының «Шахтеры» азулы ұжымды алғашқы ойында ұтып, күллі Еуропаны шуылдатты.
Шуды бастайтындардың бірі – бұқаралық ақпарат құралдары. Қарт құрлықтың беделді басылымдары қазақ ұжымының жеңісіне арнайы назар аударысты. Британияның The telegraph басылымы «Селтиктің» жеңілісі шотландиялық жанкүйерлерге ауыр соққы болып тигенін, ешкім де «Шахтер» жеңіске жетеді деп ойламағанын айтады. Олардың пікірінше Андрей Финонченко соққан гол шотландиялықтардың ойын жоспарын бұзған.
Әйгілі BBC агенттігі: «Кельттердің топтық кезеңге шығамыз деген үмітін Қарағандының «Шахтер» клубы сөндіруге таяу. Бұл жеңіліс – «Селтикке» қатты тиді. Қарағандылық команда қарсыласының атақ-беделіне қарамастан ойын тізгінін қолға ала білді», – дейді.
Шотландиялықтардың The Scotsman деген басылымы «Үміт кісенделді» деген тақырыппен мақала жариялап, «Шахтердың» жеңісін тосын жаңалық деп бағалады. Еуроспорттың орыс қызметінің тілшілері уытты әзілдерімен шотландиялықтарды мұқатып қалды. Олар көпшілікті әсіре жанкүйерлерге арналған қазақ-орыс сөздігімен таныстырды. «Ресей сіздермен бірге!» деп ұрандатқан еуроспорттықтар жауап ойында «Шахтердің» тілеуін тілемек.
Бұлардан өзге тағы бірнеше бұқаралық ақпарат құралдары қарағандының «Шахтерын» әспеттеп, оның «Селтикті» жеңуін ерлікке балады. Алда жауап кездесу. Топтық кезең мәселесі әлі шешілген жоқ. «Шахтердың» бас бапкері Виктор Кумыков: «Осы жеңістен кейін топтық кезеңге өту мүмкіндігіміз сәл артты» деді. «Селтиктің бас бапкері де үміт оты сөнбейтінін, жауап ойында жеңіске жететіндеріне сенімді екенін мәлімдеді. Қарағандылықтар Шотландия жеріндегі бәсекеде өте қиын болатынын жақсы түсінеді. Ал жанкүйерлердің басым көпшілігі келесі кезеңге «Шахтер» өтеді деген сенімде. Қалай десек те, «Шахтер» алғашқы ойында «Селтикті» ұту арқылы қазақ футболының мәртебесін өсірді. Шотландиядағы кездесуде мәртебеміз төмендей көрмесе екен.