
Бірінші лигада өнер көрсететін «Шахтер» клубы бас бапкер Андрей Финонченконың отбасылық жағдайына байланысты біршама үзіліс алуды жөн көрді. Осыған орай команда әлеуметтік желіде жазба жариялады.
“Қарағандының «Шахтер» футбол клубында Андрей Финонченко Юрьевичтің отбасы жағдайларына байланысты негізгі команданың бас бапкерінің міндетін Александр Евгеньевич Кузнецов атқаратын болды.
Александр Кузнецов — UEFA Pro санатындағы лицензия иегері және қазақстандық футболдағы ең тәжірибелі мамандардың бірі. Ол еліміздің әртүрлі жас категорияларындағы жасөспірімдер және жастар құрамаларын ұзақ жылдар бойы жаттықтырып, халықаралық деңгейде 100-ден астам матчқа қатысқан.
Жаңа бапкердің алдына бірнеше маңызды міндет қойылып отыр: команданың нәтижелі өнер көрсетуін қамтамасыз ету, клубтың бірыңғай футбол философиясын жалғастырып дамыту, негізгі команда мен футбол орталығы арасындағы байланысты жүйелі түрде нығайту.
Әсіресе жастарды дамытуға ерекше назар аударылмақ. Жас ойыншыларды негізгі құрамға сатылап енгізу, «футбол орталығы – негізгі команда» байланысын нақты қалыптастыру және барлық деңгейдегі жаттықтырушылар арасындағы өзара әрекеттестікті күшейту негізгі бағыттардың бірі болмақ.
«Шахтер» футбол клубы Александр Евгеньевичке жаңа қызметінде сәттілік пен зор жеңістер тілейді”, – делінген клубтың әлеуметтік желісінде.
Біздің серіктес: FONBET